«Маңғышлақ-Ақтөбе» пойызында болған өрттен зардап шеккендердің бірі қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Тағы бір ер адамның жағдайы ауыр, ол жасанды желдету аппаратына қосылған 

фото: ТЖМ баспасөз қызметі

14 желтоқсанда Маңғыстаудан Ақтөбеге бағыт алған жолаушылар пойызындағы багаж вагонынан өрт шықты. Өрт салдарынан 5 адам, оның ішінде 1 бала түрлі дәрежедегі күйік алды. Барлық зардап шеккендер жүк вагонында болды.

Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, денесінің 80 пайызын өрт шалған 42 жастағы азамат 20 желтоқсанда қайтыс болған. Қалған төртеуі ауруханада ем алып жатыр. Денесінің 40 пайызын күйік шалған 40 жастағы ер адам мен оның 11 жастағы баласы облыстық ауруханада жатыр.

«Ер адамның жағдайы ауыр, ол жасанды желдету аппаратына қосылған. Денесінің 50 пайызын термиялық күйік алған бала күйік шогынан шықты. Жәймендеп сөйлейді. Есін жоғалтпаған, бәрі дұрыс. Жақсару байқалады», - дейді басқармадағылар.

Басқармадағылар қалған екі адамның жағдайы жақсарып келе жатқанын, 23 немесе 24 желтоқсанда ауруханадан шығарылуы мүмкін екенін хабарлады.