Қызылордада «Nur Otan» өкілдері дәрігерлермен және мұғалімдермен кездесті

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр

Қызылордада «Nur Otan» партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісі мен облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер Жаңақорған ауданының білім және денсаулық сақтау саласы өкілдерімен кездесті.

Кандидаттармен ашық жүзедесуде сала өкілдері белсенділік танытып, өздерінің көкейкесті сауалдарын қойды. Бірқатар ұсыныс-тілектерін де жеткізді. Басқосу аясында медицина саласы өкілдері тарапынан әлемдегі пандемия науқанындағы дәрі-дәрмек тапшылығының алдын алу мәселесі, ана мен бала өлімінің көрсеткішін төмендету жайы сөз болды. Ал білім саласы қызметкерлері кандидаттарға ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру алшақтығын жою, білім сапасын арттыру туралы ойларымен бөлісті. Осылайша саладағы бірқатар мәселенің мән-жайы ашық форматта талқыға салынды.

«Ұлт саулығы партияның маңызды басымдығының бірі болып табылады. Партия тарапынан қолға алынған медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таппақ. Мәселен, жалпы өлім-жітім көрсеткішін мың адамға шаққанда 5,56%-ға дейін, ана өлімін 5%-ға дейін, ал бала өлімін 1 мыңға шаққанда 8,52%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік жасалмақ. Сонымен қатар, Төменарық ауылында аурухана құрылысы және 5 ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілмек», – деді Бақдәулет Мақашов.

Білім сапасын арттыру мақсатында Жаңақорған ауданында бірқатар жұмыс жоспарға қойылған. Атап айтсақ, алдағы 5 жылдықта ауданда 3 жаңа мектептің құрылысы жүргізілмек. Олар Жаңақорған кентіндегі сыйымдылығы 300 және 600 орындық болатын екі мектеп пен Жаңаарық елді мекеніндегі 200 орындық білім ордасы. 7 мектепті кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізу, 2 балабақшы құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Инклюзивті білім беруге жағдай жасап отырған мектептер санын 34-тен 42-ге жеткізу межеленген.

Маңызды басқосу аясында кандидаттар сала өкілдерінің сұрақтарына кеңінен тоқталып, жауап берді. Өзекті болған мәселелер партия тарапынан жіті бақылауда болатынын жеткізді. Кандидаттар өз кезегінде партияның сайлауалды бағдарламасын, стратегиялық бағыттарын егжей-тегжейлі баяндады.

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді