Лондонда карантиннің ең жоғары деңгейі енгізілді
Ұлыбританияда коронавирустан 350 мыңға жуық адам вакцинацияланды
Ұлыбритания билігі карантиннің ең жоғарғы «төртінші» деңгейін енгізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Мұның себебі - коронавирустың жаңа қарқынды таралатын штамының пайда болуы.
Қатаң тәртіптегі локдаун Лондон мен Англияның оңтүстік-шығысына енгізілді. Бұл туралы Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон хабарлады.
Оның айтуынша, жаңа штамм ғалымдарға белгілі нұсқадан әлдеқайда қауіпті, сонымен қатар 70% жұқпалы болуы мүмкін.
Шектеулер азық-түліктен басқа тауарларды сататын дүкендер, спорт залдары мен шаштараздар қайтадан жабылатынын білдіреді. Төртінші деңгей енгізілген аймақ тұрғындары үшін кіріс-шығысқа тыйым салынады. Елдегі шектеулердің жаңа деңгейі әзірге екі аптаға енгізілгені хабарланды.
Айта кетейік, бүгінде Ұлыбританияда коронавирустан 350 мыңға жуық адам вакцинацияланды.
«Адамдар жаңа жылда карантинді бұзбауы керек. Бұл өте маңызды. Адамдар үшін мерекені бірге, отбасылық шеңберде тойлау маңызды, білемін. Мерекені оңашада отырып қарсы алу көңілсіз өтетінін де түсініп отырмын. Алайда, біз үшін басқа балама жоқ», - деді Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон.