Сағынтаев ІТ-кәсіпкерліктің инфрақұрылымын құру туралы айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Шаһарда IT-жобаларды қолдау мен оны дамыту бойынша орталықтар құрылуда

 

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев IT-жобаларды қолдау және дамыту орталықтарының дамуы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалада IT-жобаларды қолдау мен оны дамыту бойынша орталықтар құрылуда.

«Бұған дейін айтқанымдай, жақында соның алғашқысы Alatau Creativе Hub-та ашылады. IT-зертхананың аумағы 1,7 мың шаршы метрге жетеді», - деп жазды қала әкімі Б. Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында.

Бизнес те инфрақұрылымды құруға атсалыспақ.

«Технодом» көпсалалы орталығы базасындағы коворкинг-орталығының мүмкіндіктерімен таныстым. Жаңа бастаған IT кәсіпкерлер, фрилансерлер мен шағын командаларға опен-спейс кеңсесінде орын беріледі», - деп атап өтті Алматы әкімі.

Орынға төленетін баға да қолжетімді. Сағатына, күніне немесе ай сайын төлеуге болады. Бөлмеде 200-ге жуық адамның жұмыс істеуіне мүмкіндік бар.

«Қаланың әр ауданында ашылатын мұндай орындар IT-индустрия инфрақұрылымының тармақталған желісін құруға мүмкіндік береді. Уақыт өте келе бұлар жаңа технологиялық компаниялардың пайда болуына септігін тигізері сөзсіз», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Бұрын хабарланғандай, Алатау ауданында Alatau Creative HUB ашылды, оның екінші қабатында жақын арада IT-зертханасы ашылады.

Мұндай орталықтар қаланың барлық аудандарында құрылатын болады. Келер жылы Алмалы ауданында жеке инвесторлар коворкинг және Academie One бағдарламалау мектебі мен FIFTY FOUR ('54) бизнес-кеңістігі үшін арнайы үй-жай дайындауда. Бостандық ауданында «ТехноДом» көпсалалы орталығының базасында IT-стартаптарға арналған коворкинг-орталық ашылады.