Шығыс Қазақстан облысында кинотеатрлар қайта ашылады

Автор: Azattyq Rýhy

Бірақ қоғамдық тамақтану орындары мен мекемелерде отбасылық, бұқаралық және  жаңажылдық кештер өткізуге тыйым салынады

Фото: ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 18 желтоқсаннан бастап коронавирустың таралу қарқыны бойынша өңірдің «жасыл аймаққа» кіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Облысымыз бүгіннен бастап COVID-19 вирусының таралу қарқыны бойынша «жасыл аймаққа» кірді. Бұл тиісті қызметтердің үйлесімді жұмысының, тәртіпке бағынған өңір тұрғындарының жоғары азаматтық жауапкершілігінің арқасында мүмкін болды. Бірақ қоғамдық тамақтану орындарында, кәсіпорындар мен мекемелерде отбасылық және бұқаралық кештер, оның ішінде жаңажылдық корпоративтер өткізуге тыйым салынады. Көпшіліктің қатысуымен жаңажылдық театрландырылған қойылымдар қоюға, сондай-ақ ойын-сауық агенттіктері мен аниматорлардың қызметтеріне рұқсат берілмейді», – деді аймақ басшысы Facebook желісіндегі жеке парақшасында.

Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындары жексенбіден басқа күндері сағат 07.00-ден 24.00-ге дейін жұмыс істейді. Алайда 2020 жылғы 31 желтоқсаннан 2021 жылғы 01 қаңтарға қараған түні бұл объектілер сағат 07.00-ден 04.00-ге дейін жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Талап – ұжымдық іс-шаралар өткізбейді, ал орын саны 50%-дан артық толмауы тиіс.

«Сондай-ақ «жасыл аймаққа» көшуге байланысты ауданы 2000 м2 асатын азық-түлік тауарлары сатылатын сауда объектілерінің тәулік бойы жұмыс істеу мүмкіндігі бар екенін атап өткім келеді. Ал кинотеатрлар 30% сыйымдылықпен жұмыс істейді.

Ғимараттардың ішінде және сыртында орналасқан барлық түрдегі базарлар, сондай-ақ басқа да сауда объектілері қызметін тек жексенбіде тоқтата отырып, бұрынғы режимде жұмысын жалғастырады. Толығырақ ақпарат облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында СЭҚ Департаментінің сайтында жарияланады», – деді Даниал Ахметов.