Даниал Ахметов: Халықтың Шығыс Қазақстаннан кеткенін қаламаймын

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметов Нұр-Сұлтанда өткен брифингте аймақтағы көші-қон мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап бере келе, облыстан 5,4 мың адамның шетелге көшіп кеткенін айтты

Фото: ашық дереккөзден

«Шығыс Қазақстан облысынан 5,4 мың адам шетелге көшкен. Біз бұған қатты назар аудара бастадық. Халық қай аймақтан көп көшіп жатқанын, көшудің негізгі себебін және немен байланысты екенін зерттеп жатырмыз. Мүмкін ол туысқандарына жақындауға қатысты адамның жеке ниеті ме әлде басқа жағдайларға байланысты ма. Бір айдан кейін осы сұрақтың жауабы дайын болады. Себебі, облыстың басқа проблемалары сияқты мені алаңдататын мәселенің бірі осы. Шығыс Қазақстаннан халықтың кеткенін қаламаймын. Ең бастысы, жастардың неге көп көшіп жатқанын білуіміз керек», - дейді әкім.

Даниал Ахметовтің мәліметіне сүйенсек, былтыр аймақтағы 535 студент ел ауыстырған. Әкім көші-қон бағытында сыртқы эмиграциямен қатар этникалық эмиграцияның барын айтты. Бұған еңбек миграциясын да қосып отыр.

«Сондықтан, бұл сұрақтың әлі зертейміз. Бұл мәселені шешуде шекарадағы аумақтарды дамыту бағдарламасы керек. Марқакөл мен Үржар, Алакөл дамыса, көші-қон азаяды деген үміт бар. Бірақ, проблема барын мойындаймын», - дейді ол.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан