Елімізде орташа жалақы – 182 000 теңге: ал ветеринарлар небәрі 112 мың теңге айлық алады

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда барлығы 8,4 мың адам мал дәрігері болып жұмыс істейді

Қазақстанда мал дәрігерлерінің жалақысы 23 пайызға өскен. Алайда, соның өзінде олардың айлық табысы орта есеппен небәрі 112 мың теңгені құрап отыр деп жазады Finprom.kz. Ал, Қазақстандағы орта жалақы – 181,9 мың теңге.

Ветеринарлардың жалақысы былтырмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мал дәрігерлерінің орташа жалақысы 91,2 мың теңгені құраған болатын. Биыл 9 айда бұл көрсеткіш 22,8 пайызға өсіп, 112 мың теңгеге жетті.

Ал, Қазақстандағы жалпы жалақы көлемі 14,6 пайызға ұлғайып, 181,9 мың теңгені құрады.

Ветеринария мамандығына ие елімізде 87 мың азамат бар (былтырмен салыстырғанда 2,7%-ға көп). Ал, осы мамандықта жұмыс істеп жүргендері – 8,4 мың адам.

Биыл жартыжылдықта елімізде 15,9 миллиард теңгеге ветеринариялық қызмет көрсетілген. Көш басында Түркістан, Атырау және Қостанай облыстары.

Ал, кадр тапшылығы Ақтөбе облысында қатты сезіледі. Мұнда ветеринар, агроном, зоотехник және машинист сынды 400 вакантты орынға мамандар іздестірілуде.