Нұр-Сұлтандағы жылы аялдамалар әлі іске қосылмаған
Бір кездері қомақты қаржыға жасалған жылы аялдамалар әлі іске қосылмаған
Нұр-Сұлтанда саршұнақ аяз болса да, бір кездері қомақты қаржыға жасалған жылы аялдамалар әлі іске қосылмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Қысы алты айға созылатын бас қаланы қытымыр аяз қысып тұр. Ал жылы аялдамалар бұған дайын емес. Кейбіреуінің есігі бекітулі, ал ашық жатқанында жылу жоқ. Автобус күтіп тұрған қала тұрғыны Аягөз Қабылбекова аялдама ішіндегі температураның сырттағыдан еш айырмашылығы жоқ деп ашынады.
«Аялдаманың іші өте салқын. Даладағы температурамен бірдей. Осындай аялдамалардың ішін жылылау қылып қойса дейсің. Қыстыңгүнгі аязда балаларға да, өзімізге де өте қиын», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Аягөз ҚАБЫЛБЕКОВА.
Көптеген аялдамаларда жылыту құрылғылары әлі іске қосылмаған. Ал Күйші Дина көшесіндегі аялдаманың есігіне мұз қатып қалған. Тұрғындар мұнымен мәселе бетпейді деп отыр.
«Жылыту қондырғысы жұмыс істеп тұрған жоқ. Сыртта да, іште де температура бірдей. Аялдамалардың іші өте лас. Амалсыздан, үсіп қалмау үшін осында тұрмын», – деп кейістік білдірдірді тағы бір тұрғын Анастасия БОТЮХ.
Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар екенін, қала бойынша жабық типтегі 105 аялдаманың 80 пайызына жылу жүйесі іске қосылғанын айтады. «Қазір қалған аялдамалардың проблемасын шешіп жатырмыз» деп сендірді.
«Қазіргі уақытта жабық типті аялдамалардың павильондарын электр желісіне қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Оның ішінде жүйе баптағыштары бойынша, реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда тек 25-30 павильонда ғана электр жүйесіне қосу жұмыстары қалды. Қазір соларда қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Руслан АБДУАЛИЕВ .
Еске салайық, мұндай аялдамалар ел астанасында осыдан 4 жыл бұрын пайда бола бастаған еді. Сол кезде оның құны шамамен 10 миллион теңгені құраған болатын. Кейін олардың қатары да көбейді. Бірақ қомақты қаржыға келген аялдаманың игілігін ел көре алмай отыр.
Ал әкімдік өкілдері есігі тарс жабық тұрған жылы аялдамалар 25 қарашаға дейін іске қосылады деп уәде берді.