«Аяғыңды сындырамын, қақ шекеңнен атамын». Тараздық ұстаздар мектеп директорына шара қолдануды сұрайды

Автор: Azattyq Rýhy

Директор педагогтардың өзін жазалаймын деп отыр

Жамбыл облысында бір топ мұғалім мектеп қабырғасында моральдық-психологиялық жағдайдың қиындағанына шағымданды. Тараз қаласы білім бөлімінің «№36 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мектеп директоры Гүлжахан Абдрешоваға қатысты шара қолдануды сұрайды. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің редакциясына хабарласқан ұстаздар мектепте жөндеу жұмыстарына қаражат жинау, басылымдарға мәжбүрлеп жаздыру, мектептің құрал-жабдықтарын мұғалімдердің сатып алуына итермелеу деректері барын айтты. Арызданушылар хат соңында өз есімдерін атамауды сұраған.

Осы мектепте тарих пәнінен 16 жылдан бері сабақ беретін мұғалім мектеп басшысының дөрекілігі мен ақшаны заңсыз жинауға ықпал етіп отырғанын айтады. Ол мектеп директорлығына 2019 жылы қазан айында тағайындалған Гүлжахан Абдрешованың адамның жеке басын қорлау, әдепсіз сөздер айту және жұмыс тәртібінен тыс кезеңде тапсырмалар беретінін алға тартады.

«Қазір WhatsApp мессенджері арқылы жұмыс істейтін заман болды ғой. Мектеп директоры сабақ оқытып отырсаң да, сабақтан тыс уақытта да ортақ чатта тыныштық бермейді. Ананы алып кел, мынаны алып кел дейді. Сосын жекеңе шығып айқайға басады. Біз балаға онлайн режимде сабақ өтіп отырғанда, басқа ешнәрсеге алаңдамауымыз керек. Алайда, директор Абдрешова Гүлжахан Есеновна оны ескермейді. Жұмыс уақыты таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін екені белгілі. Бірақ ол кісі түнгі 22:00-ден кейін де, тіпті 23:50-де жекеге хабарлама жазып, хабарламаны алдың ба, қолыңды көтер, екі тапсырма берілсе, екі рет көтер деп дөрекілік көрсетеді», - дейді педагог.

Пән мұғалімі биыл Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгіге ұсынылғанын айтады. Ол байқауға мектеп әдіскерінің нұсқауымен құжаттар тапсырып, медальге ие болған. Алайда, осы үшін мектеп басшысы қарамағындағыларды балағаттап, ауыр сөздер айтыпты.

«Сауатсыз, тупойсыңдар, неге байқауға қатысасыңдар?» деді. Осы оқиғадан соң қан қысымым көтеріліп, жедел жәрдем шақырттым. Дәрігерлер ыстық укол салды. Бірнеше күн ауырып, сосын ақыры құладым. Жүйкем сыр беріп, үйде ем алуға тура келді», - дейді арыз иесі.

Директордың бейәдеп сөздері мен анайылығын айтып білім бөліміне шағымданған мұғалімдер биліктен еш шара болмады дейді.

«Қазір қашықтан оқып жатырмыз, елде пандемия жағдайы, ешкімге оңай емес. Біздің мектепке бұл директор 2019 жылы қазан айында келген. Мәдениеттен, этикадан жұрдай. Мұны бар жауапкершілікпен айта аламын және мектепте барлық мұғалім куәлік береді. «Қақ шекеден атамын, бухгалтерияға барсаң аяғыңды сындырамын, шашыңды жұламын, осы жерде құлап өліп қал, сауатсыз, тупой» деген сөздер біз үшін үйреншікті. Біз бұл туралы қалалық білім бөліміне шағым жазғанбыз, осы айтылғандардың барлығын сол жерде көрсеттік», - дейді бізге телефон арқылы хабарласқан мұғалім.   

Білім орнындағы ең даулы мәселе – кабинеттерге жөндеу жұмыстары үшін қаржы жинау. Жыл басынан бері тарих, математика және орыс тілі кабинеттерін жөндеу үшін әр мұғалім 20 мың теңгеден қаражат жұмсапты. Мектеп басшысы бұл бастама әркімнің өз еркімен істелуі керек деп алады да, артынан орынбасарын жұмсап, мектеп мұғалімдеріне бояудан бастап, жөндеуге қажетті құрылыс материалдарына дейін алдырады екен.

«Мен қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекемеге арыз жаздым, ол жерде пән мұғалімдерінің барлығына мектепішілік жөндеу жұмыстарына қаражат жинағанын дәлелдедік. Тарих пәні кабинетіне осы арыздан соң мемлекеттен бөлінген қаржыға жөндеу жүргізді. Орыс тілі, матерматика сияқты кабинеттерге мұғалімдер әр қайсысы 20 мың теңгеден қаржы жинады. Ал мектептің еден жуушылары 5 500 теңгеден ақы алып, ол кабинеттерді жөндеді. Сосын Антикорда жиналыс өтіп, ол жерде мектепке бала санына қарай қаржы бөлінеді, соған ғана жөндеу жүргізлуі тиіс. Ата-ана немесе мұғалімдерден қаржы жинауға тыйым салынған деп Антикор мамандары көрсетіп берді, біздің мектепке жөндеуге 400 мың теңге қарастырылған. Ал мұғалімдер жинаған ақшаға алынған құрылыс материалдары қайда, бояулар қайда жағылды деген сұрақтар ашық қалды», - деп шағымданды ұстаздар.

«Мектеп басшысы ешкімнен қорықпайды, бізден заңсыз жинаған қаражатты қайтаратын ойы жоқ. Біз, мұғалімдер, осы күнге дейін газет-журналдарға еркімізден тыс жазыламыз. Кімде сағаты көп, соған қымбат басылымдарға, «Егемен Қазақстан» және «Ақ Жол» газетіне 10 мың теңгеге жазылуға нұсқау береді. Ал сағаты аз мұғалімдерді «Жамбыл», «Тараз» деген 4500 теңгелік басылымдарға жаздыртады», - дейді мұғалімдер.

Өзін орыс тіл пәні мұғалімі деп таныстырған азамат мектептегі бірнеше заңсыздыққа тоқталды. Оның айтуынша былтыр қараша айында мұғалімдер «Алтест» жүйесімен аттестациядан өткен, сол кезде портфолио тапсырады. Мектеп директоры тесттен өткендердің барлығына 2 қораптан А4 форматындағы қағаз сатып әкелуге тапсырма берген көрінеді. Әр қораптың бағасы – 1400 теңгеден. Барлығы 20-дан астам мұғалім аттестациядан өткен.

«Мектеп директорының орынбасары Гүлнәр Башенова пән мұғалімдеріне шығып, ақша жинауды міндеттейді. Сосын кім қай кабинетке жөндеу жұмыстарын жүргізу керек екенін бөліп береді. Біздің №36 мектепте негізгі пән кабинеттерін мұғалімдер өз күшімен жасады. Базардан барып бояу сатып алдық, одан тыс, барлық құрылыс сайманын қоса сатып алдық. Ал, жөндеуге мектептің техникалық қызметкерлері жұмылдырылды. Одан тыс, олардың еңбектеріне деп тағы 5 мың теңгені мұғалімдер төледік. Сонда бір кабинеттің жөндеуіне 19 500-20 000 теңге жұмсалды. Абдрешованы Таразда «Гестапо» деп атайды. Ол бұл сөзді өзі де айтады. Ол қалалық білім бөлімінде әдіскер болып істеген, №27 мектепте директор болған. Педагогикалық ортада танымал. Кекшіл адам, сондықтан мен өз атымды жасырып қалуға мәжбүрмін. Қорқамын», - дейді №36 мектептің орыс тілі пәні мұғалімі.

Azattyq Rýhy мұғалімдердің шағымына қатысты Тараз қаласы білім бөлімінің «№36 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлжахан Абдрешованың пікірін сұрадық. Білім мекемесінің басшысы мұндай шағымдардың барын білетінін айтты. Бірақ анонимді арыздардың дәлелі болса жауап беруге дайын екенін және өзінің де осы мәселеге қатысты құқық қорғау органдарына арызданатынын мәлімдеді.

«Мен бір-ақ нәрсені айтамын. Егер сол мұғалімдердің қолында дәлелдер болса, сотқа жүгінсін де, жазаласын. Бірақ, арыздарын олар аноним түрінде жазады, таратады. Қазақстан Республикасының жеке қаралымдар туралы арнайы заңы бар, сол заңның 5-ші бабында көрсетілген. Егер жеке қаралым анонимді түрде түссе, қаралмауы керек. Бірақ бұл бірнеше рет қайталанып тұрған соң, заң орындарына шағымданып, адвокатпен келістім. Ол маған құқық қорғау органдарына арыз жазуымды сұрады. Ертең осы мәселемен айналыспақшымын. Мен қасықтап жинаған абыройымды шелектеп төккім келмейді. Өзім «арым – жанымның садағасы» деп өмір сүретін адаммын. Сондықтан арызданған адамдарды іздеп табуға кірісемін. Ұжымдағылардың жеке басына тиіспеймін. Өкпем жоқ, әрбір ұжымда ондай бір-екі адам болады. Егер сол арызданған адамдардың қолында дәлел болса, тура мен сияқты өз құқығын қорғасын», - дейді Гүлжахан Абдрешова.

Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Саяхат Есеев арыздардың қаралып, тиісті шара қолданғанын жеткізді. Алайда, мектеп директоры Гүлжахан Абдрешова білім бөлімінің 10.11.2020 жылғы №922 бұйрығымен келіспейтінін айтады.

«Арызды қарастыру қорытындысы бойынша басшылық пен бақылауды әлсіреткені және ұжымдағы психологиялық моральдық ахуалдың төмендеуіне жол бергені үшін №36 орта мектеп директоры Г.Абдрешоваға «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Бірақ бұл біздің ішкі шаруамыз. Ол жерде арнайы зерделеу тобы жұмыс жүргізді. Тікелей бағынышты мекеме болған соң, жаза қолданылды. Бұйрыққа өзім қол қойдым. Арыздар келеді. Бізге атын көрсетпейді, түсін түстемейді. Жеке және заңды тұлғалардың өтінішін қарау тәртібі бойынша бүркемеленген арыздар қаралмауы керек. Бірақ саяси-әлеуметтік ахуалды тұрақтандыру үшін білім бөліміне берілген арнайы нұсқаулар бар. Соның аясында ішкі шешіммен ол мектепте болып жатқан жағдайларға бей-жай қараған жоқпыз. Барып, қарап, көріп мұғалім-ұстаздардың пікірін тыңдап, өзіміз зерделеу жұмыстарын жүргіздік», - деді Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Саяхат Есеев.

Редакцияға жолданған хатта мұғалімдер: «Тараз қаласы №36 орта мектебінде директор өз қызметін асыра пайдаланып, заңсыз әрекеттерге баруын тоқтатсын. Осы күнге дейін заңсыз жиналған қаражаттар қайтарылсын. Пән мұғалімдері балаға білім мен тәрбие беру ісімен айналысуы керек. Ал шаруашылық немесе өзге де мектеп жұмыстарымен айналысатын арнайы қызметкерлер бар. Құзырлы органдарға хатта келтірілген деректерді беруге және тиісті дәлелдерді ұсынуға дайынбыз», деген талаптарын жеткізіп отыр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы