ҰҚК Алматыда теракт жасамақшы болған шетелдіктердің әрекетін қалай әшкереледі?

Автор: Azattyq Rýhy

Лаңкестер үш орында жарылыс жасамақ болған

Фото ашық дереккөзден

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда бірнеше сериялы теракт жасамақшы болған экстремистердің әрекетін әшкерелеген. 2019 жылдың қаңтар айының алғашқы жартысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Алматыда ірі көлемде террористік акт дайындамақ болған радикалды топ мүшелерінің құрықталғаны туралы ақпарат таратты.

Онда: «ҰҚК қызметі Қазақстанда теракт жасамақ болған Орталық Азиядан шыққан келімсектерді ұстады. Күдіктілерден терактіге дайындалмақ болған қару-жарақ, сондай-ақ, террористік іс-әрекет барысында қолданылуы мүмкін құралдар тәркіленді» делінген.

Аталған операция туралы алғаш ақпарат алып, радикалды ұяшық қатысушыларын тұтқындағанға дейінгі жағдай туралы эксклюзивті мәліметтерді Ұлттық қауіпсіздік қызметкері айтып берді.

ҰҚК-ҒА ТЕРРОРЛЫҚ АКТІ ТУРАЛЫ АҚПАР ШЕТЕЛДЕН ТҮСЕДІ

Ауғанстан мен Сириядан шыққан Ислам мемлекетінің әскерлері Орталық Азияда ірі көлемде теракт жасамақшы болғаны туралы ақпаратты Қауіпсіздік қызметкерлеріне 2018 жылдың желтоқсан айында шетелдік серіктестері хабарлаған. Бірақ ұйымдастырушылар кімдер, олардың қай жерде, қандай орында екені туралы нақты ақпараттар болмаған.

Қазақстандықтар мерекелік дастарханға дайындалып жатқан кезде, ҰҚК-нің жедел қызметкерлері Алматыға ақша табу үшін келген басты күдіктінің тұлғасын анықтайды. Жұмыстың бастапқы кезеңінде жедел қызметкерлер күдіктінің анық емес фотосын, оның түр-тұлғасы туралы сипаттама мен қолдан жасалған жарылыс құрылғысын әзірлеуге арналған компоненттерді іздеп жатқанынан хабардар болады.

ҰҚК-нің ерекше назарына күдікті деп танылған содырдың – дилетант екені ілінеді. Ол қолдан жасалған жарылу құрылғысын жинау туралы нұсқаулықты Ауғанстан мен Сириядағы кураторларынан онлайн-режимде алып отырған.

Желідегі бірнеше тәулікке созылған жұмыс, салыстырулар мен фактілер сараптамасы күдіктінің шетелдік кураторлармен байланысын анықтауға мүмкіндік береді.

КӨК БАЗАР МЕН ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІ, ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ БАНК

Осыдан кейін күдікті туралы толық мәліметті анықтауды алматылық комитет қызметкерлері техникаға тапсырды. Анықталған ақпарат бойынша, 22 жастағы Қасым Г. Алматы маңайындағы коттедждердің бірінде бөлме жалдап тұрған.

Бақылау арқылы ҰҚК Қасымның қаладағы құрылыс базарының бірінен химикаттар алғанын анықтайды. Осыдан кейін жедел қызметкерлер күдіктінің Алматы бойынша қозғалыс маршрутына назар аударады. Оның адамдар көп жиналатын жерлерге барып, террорлық акт жасауға орын таңдауы алдын ала барлау жұмыстарын жүргізіп жатқанын дәлелдей түскен.

2019 жылдың 7 қаңтары, Рождество мерекесінде ҰҚК Қасымның терактіге дайындалып жатқанына толықтай көз жеткізеді. Процесс барысында олар радикалдың жақтастарын да анықтайды. Ол күдіктінің жерлестері болып шығады. Олардың барлығы бір бөлмеде тұрған, кейбірі террорлық іс-әрекет дайындығына атсалыспаса да, жерлестерінің жоспарын құп көрген.

Екі күн өткеннен кейін ҰҚК-нің жедел қызметкерлері Қасымның (қылмыскер) кураторларымен кезекті байланыс сеансын тыңдайды. Сөйлесу барысында террорист бірінші жарылу құрылғысының жұмысын аяқтап, екіншісін әзірлеуге кіріскелі жатқанын хабарлайды.

Осыдан кейін, ҰҚК 10 қаңтар күні таңертең коттеджге басып кіреді. Жедел қызметкерлер жалпы саны 10 адамды тұтқындаған. Тінту барысында олар дайын жарылғыш құрылғысы және келесі құрылғыға арналған компоненттерді тәркілейді. Мамандардың болжамы бойынша, қолдан жасалған жарылыс құрылғысының күші 1 келі тротил эквивалентіне тең болған. Құрылғы жарылған жағдайда 10 метр радиустағы барлық тірі ағзаны жою мүмкіндігіне ие.

Радикалдар жоспарлаған көліктерін Алматыдағы Көк базарда, екінші деңгейлі банк филиалы мен қалалық полиция бөлімшесінің бірінде жаруды жоспарлаған.

ӘСКЕРИЛЕР АНТ ҚАБЫЛДАҒАН

Жолы кесілген террористік топтың тергеу жұмыстары жарты жылға созылып, нәтижесінде шетелдегі радикалдар туралы толық ақпараттарды алуға мүмкіндік береді. Тергеу амалдары көрсеткендей, күдіктімен бірге топты 35 жастағы Давлат Х. басқарған. Террористердің басты идеологы бірнеше жыл бұрын дін фанаттарының жасырын курстарындағы білімі арқылы насихат жүргізген.

Қазақстанға ақша табу үшін келген қос экстремистің көзқарасы бір жерден шыққан. Олар ДАИШ-тың үгіт-насихат видеоларын, уағыздарын тыңдап, көп уақыттарын бірге өткізген.

Бір күні әлеуметтік желі арқылы содырлармен байланысқа шығу мүмкін болады. Өзін «Шахомад» деп таныстырғандардың бірі Ауғанстан территориясында болса, «Абу Усама» атты екінші қолдаушылары Сирияда болған.

Террористердің идеясына түбегейлі кіріп кеткен екі радикал бірнеше апта ішінде өз отандастарын да қатарларына қосады.

Г.-нің талап етуімен жаңадан қабылданған әскерилер Абу Бакр әл-Бағдади атты «халифаларына» адалдықтарының дәлелі ретінде ант-видеосын жазып, Ауғанстандағы «Шахомадқа» жібереді. Шетелдік куратор жауап ретінде Г-ға қолдан жасалатын жарылыс құрылғысын дайындау нұсқамасын, сондай-ақ, топтың басқа мүшелері үшін қалада террорлық актіні жасау тактикасын жібереді. Анықталған ақпар бойынша, террористік акті 2019 жылдың 15 қаңтарына жоспарланған.

СОДЫРЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

Қасым Г. мен Давлат Х. жақтастарын шахид ретіндегі «мәртебелі» өлімге дайындаған. Өздері террорлық әрекетті жүзеге асырған соң іздерін жасырып, туған жерлерінде келесі террорлық акті серияларын жасауды жоспарлаған.

«Шабуыл үшін Алматы қаласы «орындағы жиһад» принципі бойынша таңдалған. Қылмыскерлерде Алматы мен жалпы республикамыздың тұрғындарын өлтірудің жеке мотивтері болмаған: лаңкестер өздерінің тұрғылықты жеріне қарамастан жойылуы керек адамдарды «опасыздар» деп санады», - деп атап өтті ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

2019 жылдың қыркүйегінде сот камера жетекшісі Қасым Г-ны 18 жылға, ал оның жақтасын 16 жыл бас бостандықтарынан айырды. Радикалды жасушаның тағы бес мүшесі 12 жылдан 14 жылға дейін түрмеге тоғытылды. 2019 жылдың 10 қаңтарында арнайы операция кезінде ұсталған үш шетелдік азамат өз елдеріне депортацияланып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Айта кететіні, террористердің «Шахомад» атты шетелдік үйлестірушісі 2019 жылы арнайы операция нәтижесінде Ауғанстанда, ал оның сыбайласы «Абу Усама» Сирияда ұсталды.