Сотталғандарды азаптау бойынша 120-дан астам шағым түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жалпы саны 955 өтініш келіп түскен

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының мәліметіне сәйкес, осы жылдың алғашқы 10 айында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимованың атына жалпы саны 955 өтініш келіп түскен. Олардың 125-інде түзеу мекемелерінде азаптау және қатыгездікпен қарау мәселесі көтерілген.

«Бірқатар шағым ұрып-соғуға, қорлауға және қорқытуға байланысты болды. Барлық өтініштің қорытындысы бойынша сотталғандарға тексеру жүргізіліп, уәкілетті органдардың атына хаттар жіберіледі. Әрбір өтініш пен оның шындыққа сәйкестігі тексеріледі. Мәселен, іс жүзінде нақты заңбұзушылықтар болған жағдайлар да, қамаудағылардың тарапынан жеке мақсаттатағы дезинформация жағдайлары да болды», - делінген хабарламада.

Жаңартылған мәліметтерге сәйкес, биыл 10 айда ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы бойынша Қазақстанда сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 121 құқықбұзушылық тіркелді. Өндірісте 135 қылмыстық іс болды. Қазіргі уақытта 23 адам сотталды.

Сотталғандар көтерген басқа тақырыптардың ішінде дұрыс тамақтанбау туралы, заңнаманы түсіндіру туралы, адвокаттық көмек көрсету туралы, құжаттандыру және азаматтық алу туралы, еңбекақы төлеу және әлеуметтік қамсыздандыру туралы, сондай-ақ экстрадициялау туралы сұрауларды бөліп көрсетуге болады.

«Айта кету керек, кейбір сотталушылар әкімшілік тарапынан ықтимал санкциялар мен өндіріп алулар туралы қорқынышқа байланысты түрме режиміне шағым жібермейді. Себебі олардың өтініштері қандай да бір жолмен пенитенциарлық мекеме басшылығынан өтеді», - деп хабарлайды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда азаптауларға және қатыгез қарым-қатынасқа қарсы Ұлттық алдын алу тетігі тұрақты негізде жұмыс істейді. Жыл сайын ҰАТ қатысушылары 500-ге жуық мекемеге барады.