30 игі іс: елордада еріктілер қайырымдылық жасап жарысуда
Айтулы жоба ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған

Келер жылы Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Айтулы датаға орай көл-көсір мерекелік салтанатты шаралар емес, халыққа пайдалы игі шаралар көп өтеді. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Осы мерейтой аясында Нұр-Сұлтан еріктілері әкімдікпен бірге «30 игі іс» қайырымдылық жобасын бастап кетті. Эстафета форматында өтетін шараның мақсаты – қала өміріне белсене атсалысып, тұрғындарға игі іс жасау.
Жоба аясында биыл 16 желтоқсанда елордада бірнеше әлеуметтік нысан ашылады. Олардың қатарында үш жаңа мектеп, жабық футбол манежі, велопрокат пункті бар жол-соқпақ желісі және жасыл белдеудегі құс асырауға арналған орын бар. Сондай-ақ, БЦП және неврологиялық бұзылулары бар балаларға арналған ірі оңалту орталығының ашылуы өтеді.
Бұл шараны Волонтерлар жылының қорытындысы деп айтуға да келеді. Өйткені, астаналық жүздеген ерікті зейнеткерлердің ауласындағы қарын тазалап беріп, үй шаруашылығына көмектеседі: отынын жарып, көмірін тасиды. Бұл жұмыстардың алды басталып та кеткен. Мәселен, Нұр-Сұлтан әкімдігі жанындағы қалалық волонтерлер штабы мен Қазақстан Еріктілер лигасының еріктілері бірігіп, барлығы 500-ге жуық адам елордалық зейнеткерлердің үйін аралады.
«Еріктілер жалғыз тұратын қарт адамдарға, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмектесті. Жастар қар шығарып, арықтарды тазартты. Бұл үй жанында еріген қардың кедергісіз ағып кетуіне көмектеседі. Еңбекқор, мейірімді, үлкенге ізет көрсететін жастар 30 қарттың ауласын қардан тазартты. Акцияға қатыса отырып, еріктілер жас ұрпақтың ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің қосқан үлестерін есте сақтайтынын және бағалайтынын көрсеткісі келеді», - деп атап өтті қалалық волонтерлер штабы.
Қалалық әкімдік жанынан құрылған волонтерлер штабында 2500-ге жуық ерікті бар. Олар тек қар тазалаумен шектеліп жатқан жоқ. Мұқтаж отбасыларға азық-түлік апарып, қыстыгүні далада жұмыс істейтін тұрғындарға ыстық шай мен бауырсақ таратып жүр.
«Бүгін ауа райының қолайсыздығына қарамастан, еріктілер «30 игі іс» акциясын қолдауға шығып, елорда тұрғындары мен қонақтарына, қаламызды тазалайтын "Астана тазалық" ЖШС қызметкерлеріне ыстық шай мен бауырсақ таратты. Осылайша, еріктілер осы аязды күні жақсы көңіл күй сыйлап, өз ықыласымен көпшіліктің қуантты. Барлығы 50 литр шай және 7 кг бауырсақ таратылды», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігі жанындағы қалалық волонтерлер штабы.
Атауы «30 игі іс» болғанымен, қайырымдылық шаралары 30-бен шектелмейді. Еріктілер мұқтаж жандарға күндегісін күніге көмектесуге дайын екенін айтты. Эстафетаның өзі 1 жылға жалғасып, келер жылдың желтоқсанында қорытындыланады.