$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.12.2020, 11:01
Қоғам

Заңсыз ағаш кескендер енді 3 миллион теңгеге дейін айыппұл төлейді – министр

Қызыл кітап тізіміндегі ағашты зақымдағандарға 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салу көзделіп отыр

Заңсыз ағаш кескендер енді 3 миллион теңгеге дейін айыппұл төлейді – министр
фото: facebook

Елімізде жасыл желекке қол тигізгендерге салынатын айыппұл мөлшері артты. Ол үшін Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге түзетулер әзірленді, деп хабарлады Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

«Соңғы уақытта елдімекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері болғаны белгілі. Осыған байланысты, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы заңбұзушылықтар үшін жазаны қатайтуға бағытталған бірқатар шараны пысықтады», - деді Мырзағалиев.

Оның айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жасыл екпелерді күтіп-ұстау мен қорғаудың үлгілік қағидаларына толықтырулар енгізуде. Оған сәйкес, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ағаштарды заңсыз кескені, жойғаны және зақымдағаны үшін өтем ретінде 30 есе көп мөлшерде ағаш отырғызу міндеттеледі. Ал жеке және заңды тұлғалар мен іргелес аумақтағы жасыл екпелерді жойған адам 10 есе көп ағаш отырғызуға мәжбүр болады.

Орман заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның мөлшерін есептеу үшін де базалық ставкаларға өзгерістер енгізіледі. Қызыл кітаптың тізімінде тұрған ағашты шапқан адамға салынатын айыппұл мөлшері 6-дан 1000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Бұл, шамамен, 3 миллион теңгеге жуық ақша.

«Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге түзетулер әзірленді. Әкімшілік кодексте дискрециялық нормаларды алып тастау және құқық бұзушыларға санкцияларды ұлғайту бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Бұдан басқа, ағаштарды заңсыз кескені үшін санкцияларды қатайту бойынша Қылмыстық кодекске өзгерістер көзделетін болады», - деп хабарлады Мырзағалиев.

Әкімшілік жауапкершілік тұрғысынан ағаш шапқандарға салынатын айыппұл мөлшері қылмыстың қайталануына байланысты:

  • жеке тұлғаларға 10-нан 150 АЕК-ке дейін;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30-дан 450 АЕК-ке дейін;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40-тан 600 АЕК-ке дейін;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100-ден 1500 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары