Теологтар елдегі діни ахуалды тұрақты деп есептейді
Қазақстанда діни алауыздық және терроризм қаупінің деңгейі айтарлықтай төмендеген. Ал экстремизм және терроризм баптарымен сотталып, түрмеде жазасын өтеп жатқандармен кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл туралы «Мысль» діни зерттеу орталығының директоры Асқар Сабдин онлайн-конференция барысында айтты. Теолог-ғалым бүгінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі.
Оның айтуынша, еліміздегі діни ахуал тұрақты болғанымен, радикалды діни ағымдарды ұстанушылар қатары 20 мыңнан асады екен. Соңғы бірнеше жыл бойы бұл цифр бір деңгейде болған, яғни еш ауытқымаған. Мұндай статистиканы теолог еліміздің күштік құрылымдардағы деректерге сілтей хабарлады.
Онлайн-конференция барысында Асқар Сабдин Қазақстандағы діни ағымдардың қазіргі жағдайы, іс-әрекеті мен қаупі туралы айта келе, соңғы бірнеше жылда тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде діни экстремизм және терроризм қаупі сәл де болса сейілгенін, теракт деңгейінің төмендегенін айтты.
«Түрлі халықаралық ұйымдар, университеттер, соның ішінде Мэриленд университеті жыл сайын терроризм индексін жариялайды. Қазақстан биыл сол тізімде сегіз орынға төмендеп, 93-ші орынға жайғасты. Егер 2019 жылы біз 85-ші орында болсақ, 2016 жылы елдегі лаңкестік оқиғадан кейін 67-ші орынға көтерілген едік. Ал қазір әлдеқайда төмендедік, яғни Қазақстандағы діни ахуал да тұрақты. Терроризм, экстремизм қаупі бұрынғыдан қарағанда азайды», - дейді спикер.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазір радикалды қатаң әдістерді қолданатын діни жамағаттар «тынышталғанымен», олардың орнын қаупі жағынан еш кем емес субъектілер басып жатыр. Олар өздерінің діни идеологиясын жүргізуде барынша «жұмсақ» әдістерді қолдануға тырысатын көрінеді.
«Сондықтан, қазіргі таңда іс-әрекеті, жұмыс істеуі күдік тудыратын діни жамағаттарды тексеру қажет, олардың көбі заңды тіркелмейді де. Алдын алу жұмыстарын осындай ұйымдардан бастаған дұрыс деп есептеймін», - деді Сабдин.
Конференция қорытындысы бойынша, сарапшылар Қазақстандағы экстремистік және террористік ахуалды төмен деп бағалап, діни ахуалға тұрақты деген баға берді. Ал, республикалық ақпараттық түсіндіру тобы жұмысын түрмелерде жиі жалғастыратынын айтты. Өйткені, нағыз радикалды «діндарлардың» көбі түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатыр. Олармен имамдар, теологтар, үкіметтік емес ұйым өкілдері жұмыс істейтін болады.