Жаңа жыл мерекесі кезінде қосымша карантиндік шектеулер енгізіле ме?
Заңсыз мерекелік кеш өткізгендерді мониторинг топтары бақылайды
Жаңа жылға қосымша карантиндік шектеулер енгізілмейді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі - бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов мәлім етті.
«Жаңа жылдық мереке кезінде карантиндік қосымша шектеулер енгізілмейді. Қазірдің өзінде елімізде тиісті шектеулер енгізілген. Біз ұсынған «қызыл», «сары» аймақтардағы шектеулер сол деңгейде қалады. Ал қазақстандықтарды жаңажылдық мерекені отбасымен бірге үйде тойлауға шақырамын. Көпшіліктің қаулыға мән бермейтінін білеміз. Бірақ заңсыз мерекелік кештерді бақылайтын мониторинг топтары жұмыс істейді. Бөлек қаулы, ереже шығармаймыз. Бәрі қазіргі алгоритм бойынша қалады. Ұшақтар мен пойыздардың кестесіне өзгеріс енгізілмейді», - деді вице-министр.
Еске сала кетейік, өткен тәулікте 729 қазақстандықтан коронавирус инфекциясы анықталды.