Шығынға батқан СҚО рестораторлары шектеу шараларын жеңілдетуді талап етті

Автор: Azattyq Rýhy

Петропавлдағы тойханалардың жартысы жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр   

Фотоколлаж

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында табысқа кенелетін ресторан-кафе иелері шектеу шараларын жеңілдетуді талап етті. Кәсіпкерлер ресторан бизнесінің тығырыққа тірелгенін алға тартып отыр. Мейрамхана иелері жағдай бұлай жалғаса берсе, Петропавлағы тойханалардың жартысы жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды Аzattyq Ruhy тілшісі. 

РЕСТОРАН БИЗНЕСІ ТҰРАЛАП ҚАЛДЫ

Петропавлда шығынға басқан бірнеше кәсіпкер өз мейрамханаларын саудаға шығарған. Алайда ұсынысқа сұраныс жоқ. Өйткені пандемия кесірінен тұралаған  кәсіптің пайдадан гөрі, келтірген шығыны көп.  

«СҚО отельерлер мен рестораторлар қауымдастығының» төрағасы Сайран Хамзин облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жетекшісінен кафелер мен мейрамханалардың 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етуін сұрады. Әзірге аталған нысандар 17.00-ге дейін ғана ашық. 

«Желтоқсан айы – жаңажылдық корпоративтік кештер мен банкеттер уақыты. Пандемияға дейін осы мезгілде тапқан табысына мейрамхана-кафелер 3-4 ай күн көретін. Одан кейін жазғы тойлар маусымы басталады. Қазір банкет жасауға тыйым салынған. Біз қаладағы ресторан бизнесі объектілерінің жартысын жоғалтатынымызға сенімдімін. Осындай жағдайда ресторан-кафелердің жұмыс уақыты 1 сағатқа ғана ұзартылса да, ісіміз аз да болса ілгерілеп қалар еді. 60 минут халықтың жұқпаға шалдығу динамикасына әсер етеді деп ойламаймын. Есесіне, қаншама жұмыс орындары сақталып қалар еді. Қызметкерлер жалақы алып, бизнес нысандарын бірқалыпта ұстап тұрудың мүмкіндігі туар еді», - дейді Сайран Хамзин.

ДҮКЕННІҢ ЖҰМЫС КЕСТЕСІН ҚЫСҚАРТУ – КАССАДАҒЫ КЕЗЕКТІ КӨБЕЙТТІ

Бизнесмендер ресторан-кафелер жұмысының проблемасын СҚО Кәсіпкерлер палатасында көтерген болатын. Геворг Карапетян бизнес субъектілерінің бәріне бірдей жағдай жасалуы тиіс деген пікірде. Оның ойы әріптестері тарапынан да қолдау тауып отыр. 

«Мамандар жұқпаның таралу қарқыны төмендеп келе жатқанын айтады. Оған азық-түлік дүкендерінің жұмыс кестесін екі сағатқа ұзартылғаны да септесіп отыр деп ойлаймын. Өйткені сауда орындары 20.00-ге дейін жұмыс істегенде халық керегін сатып алуға асығып, кассаларда ұзын-сонар кезекте тұратын. Қазір дүкендерде адамдардың шоғырлануы азайды. Кафелердің жұмыс кестесін де қайта қарауды талап етемін», - дейді кафе иесі. 

Алайда облыстық бас санитар дәрігері бұл пікірмен келіспейтінін жетізді. Маман эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын кешенді жұмыс нәтижесімен байланыстырды.

«Иә, жұқпалы ауруға шалдыққандар саны кеміп келеді. Оған дүкендердің жұмыс кестесі әсер етті деп ойламаймын. Оның барлығы мемлекеттік органдардың, еріктілердің атқарған кешенді жұмысының нәтижесі. Әрбір сырқат және қарым-қатынаста болған адам үйде отыруға міндеттелетіні туралы қолхат жазады. Өздеріңіз білесіздер, халық тәртіпке бағына бермейді. Сондықтан белгілі бір мониторинг жүргізіледі. Оған Петропавл бойынша 3 мыңға жуық адам қатысса, облыс көлемінде одан да көп. Қоғамдық көлікке келер болсақ, қала әкімдігі бағыттағы автобустар санын арттырды. Онымен қоса, шаһар карантинге жабылды. Осының барлығының оң әсерін көріп отырмыз», - дейді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Арман Күшбасов.

МОНИТОРИНГТІК ТОПТАР ТАЛАПТЫ БҰЗАДЫ

Кәсіпкерлердің шектеу шараларының орындалуын қадағалау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысына да шағымы көп. Бизнесмендер олардың өздері санитарлық талаптарды орындамайтынын алға тартты. 

«Тамақ жеткізу қызметінің жұмысын тексеру мақсатында полиция қызметкерлері келді. Даладан ас әзірлейтін бөлмеге жетіп келді. Біздің СҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысын бұзып отырғанымызды айтты.  Неге құқық қорғау органдары қоғамдық тамақтану органдарындағы санитарлық талаптарды тексереді? Оларға мұндай құқықты кім берген? Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қайда? Енді кез келген полиция қызметкері өзін мониторингтік топ мүшесі ретінде таныстырып, кафелерді тексіп, айыппұл салып, соның есебінен бюджетке түсетін қаржыны толықтыра бере ме ме?», - дейді тамақ жеткізу қызметінің директоры Максим Чернышов. 

«Бізге бизнес тарапынан плиция қызметкерлеріне қатыстышағымдар түсіп тұрады. Олар бизнесті тексеру барысында өздері де санитарлық нормаларды бұзатын жағдайлар болады. Біз бұл мәселе жөнінде СҚО Полиция департаментінің басшылығын хабардар еттік. Шынымен, мониторингтік топ жұмыстарына қатысты ешқандай талап жоқ. Біз бұл проблема жайындағы ақпаратты республикалық органға жолдадық», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.

Пандемия басталған сәттен бері СҚО-да әкімшілік құқықбұзушылық туралы 1566 хаттама толтырылған, оның ішінде жеке тұлғаларға – 1441, шаруашылық жүргізуші субъектілерге қатысты 123 хаттама бар. Лауазымды тұлғаларға жалпы сомасы 87,7 млн теңге айыппұл салынған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО