Көлгінов елордалықтарды Жаңа жылды үйде қарсы алуға шақырды
Қала басшысы қауіпсіздік шараларын барынша сақтап жүрген тұрғындарға алғысын айтты
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов шаһар тұрғындарын Жаңа жыл мерекесін үйде, отбасы мүшелерімен шағын ортада қарсы алуға шақырды.
«Алдымызда бірқатар мереке келе жатыр. Адам көп шоғырланған жерлерден бас тартқан абзал. Өзіміз білетіндей, Жаңа жыл – отбасылық мереке. Сол үшін барынша сақтанып, Жаңа жылды ауруханада емес, үйде отбасымен бірге қарсы алған жақсы. Сондықтан, біз қала тұрғындарын барынша сақ болуға шақырамыз», - деді қала басшысы ОКҚ-да өткен брифингте.
Қала басшысы қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, талаптарды орындап жүрген тұрғындарға алғысын білдірді.
«Тұрғындар да, дәрігерлер де тәжірибе жинады. Сондықтан мен талаптарды барынша орындап жүрген қала тұрғындары мен коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге алғысымды айтамын», - деді ол.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан