Ал қала әкімдігі тұрғындар мен жүргізушілерді «көпір қауіпсіз» деп сендірді
Тараз қаласындағы құны 1,9 млрд теңге болатын облыстағы ең үлкен өткел осыдан үш жыл бұрын салынған. Дегенмен, Almaty.tv тілшісінің хабарлауынша, нысанның 3 жылға жетпей құрылысы сыр бере бастаған сыңайлы. Жарықшақтар пайда болып, тұрғындар қауіптеніп отыр.
Ені 28, ұзындығы 315 метр болатын құрылыс 2016 жылы басталып 2018 жылы аяқталған. Шағын аудандар мен шалғай Қарасудың арасындағы жалғыз көпірден бастапқыда күніне 3-4 мың көлік өтеді деген есеппен салынған. Бірақ нысанның төзімділігі талапқа сай болмай, арасы 10 сантиметрге дейін ашылған жарықшақтан көпір қауіпті аймаққа айнала бастады.
Ал, әкімдік өкілдері аталған дерек бойынша арнайы комиссия құрып, тексерістің болғанын айтады. Нәтижесінде жүргізушілер қорқатындай қауіп жоқ деген шешімге келіпті. Барлығы талапқа сай салынды дейді қала әкімнің орынбасары.
«Ол жерде екі кеңейту түйіні бар. Бүгінгі таңда мердігер тарапынан кеше-бүгін суықтан сол түйін көлемінің үлкеюіне байланысты қажетті материалдарын жағып, қалыпқа келтіру жұмыстарын толығымен аяқтап жатыр. Ол кеңейту түйінінің ауыр көліктерге, кіші көліктерге, адамға ешқандай залалы жоқ. Қауіпсіз деп айтуға болады», – деді қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев.