Шымкент – Ташкент ақылы тасжолына абонемент сатып алуға болады

Автор: Azattyq Rýhy

Абонемент құны – 1000 теңге

Фото ашық дереккөзден

Жақында Түркістан облысы арқылы өтетін Шымкент–Ташкент автожолын жаңарту жұмыстары аяқталады. Бүгінде төрт жолақты күре жолға бетон төселіп, І «Б»санатына жатқызылды. Аталған трасса жеңіл көліктер үшін де, жүк көліктері үшін де ақылы болады, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» компаниясының баспасөз қызметі.

Жолдың ақылы болуына байланысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен жергілікті билік өкілдері Сарыағаш және Қазығұрт аудандарының тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық тыңдау өткізді. Халыққа ақылы жолдың артықшылықтары түсіндірілді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК өкілдері жолдың осы учаскесінде тестілік режимде 3 бейнебақылау аркасы, сондай-ақ клиенттермен жұмыс істеу орталығы іске қосылғанын айтты. Мұнда алдын ала төлем бойынша немесе шлагбаумдарсыз төлеу әдісімен ақы алудың ашық жүйесі болмақ. Бұл – жолда кезектер мен кептелістер болмауы үшін өте тиімді қадам.

Шымкент – Ташкент (Өзбекстан шекарасы) жолында ақылы жүйені енгізу қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету үшін қолға алынуда.

Қазақстандағы алғашқы ақылы автожол 2013 жылы іске қосылды. 7 жыл ішінде Нұр-сұлтан – Щучинск автобаны ақылы жолдың барлық артықшылығын дәлелдеді. Жол жүру ақысы жол жабыны мен инфрақұрылымның сапасын тұрақты бақылауға, жол бойындағы сервистік қызметті жақсартуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа технологияларын енгізуге және жүргізушілерге көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазір елімізде 4 ақылы жол жұмыс істейді, алдағы 4 жылда «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, тағы 11 мың шақырым ақылы республикалық автожолды салу және іске қосу жоспарлануда.

Халықтың алаңдаушылығын тудырған сауалдарды тыңдаған компания өкілдері осы жерде үлкен жеңілдіктің бар екенін түсіндірді. «ҚазАвтоЖол» ақылы жолдарға іргелес аудандарда тіркелген автокөлік жүргізушілеріне құны 1 000 теңге болатын жылдық абонементтер ұсынады.

Төлем алу пункттерінде «жол жүру билетін» ресімдеуге болады. Ол үшін операторларға жеке куәлікті ұсыну және өтініш жазу қажет.

Сонымен қатар, жүргізушілер мен көліктердің белгілі бір санаттары үшін жеңілдіктер қолданылады. «ҚазАвтоЖол» алда олардың тізімін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазір ұлттық компания заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуде.