Таразда дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жаңа кешенде баскетбол, волейбол, гандболдан жаттығу мен жарыстар өткізуге арналған залдар бар

Тұңғыш Президент күні Тараз қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, ол №2 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің балансына беріледі. Бұл туралы Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кешеннің құрылысына 288 миллион теңге бөлінген. Нысанның ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты. Аймақ басшысы облыста спорт саласы ойдағыдай дамып келе жатқанын баса айтты.

«Мемлекет ел тұрғындарының денсаулығын арттыру үшін барлық жағдайды жасауда, өйткені дені сау ұлт әрқашан бәсекеге қабілетті болады. Биыл спортты дамытуға сегіз миллиардтан астам теңге бөлінді. Осындай қолдаудың нәтижесінде, міне, тағы бір заманауи кешен ашылуда. Бұл жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға және тұрғындарды жүйелі түрде спортпен айналысуына ықпал етері сөзсіз. Кешен таңертеңнен кешке дейін, әсіресе демалыс күндері де жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана балалар өздеріне ыңғайлы уақытта жаттыға алады», - деді Бердібек Сапарбаев.

Ол сондай-ақ жақын маңда орналасқан М.Мақатаев атындағы №14 мектеп келер жылы жаңғыртылатынын жеткізді. Аумақта саябақ салынбақ. Облыс әкімі кешенді аралап, жас спортшылармен әңгімеге тартты. Жаңа кешенде баскетбол, волейбол, гандболдан жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған залдар бар. Сонымен қатар жаттығу залы және медициналық кабинеттер бар. Бокс, армрестлинг, күрес, каратэ секциялары ашылған Кешен директоры Марат Стамқұловтың айтуынша, қазірдің өзінде спорт секцияларына 500 оқушы жазылған.

«Мен армрестлингпен бірнеше жылдан бері айналысамын. Енді жаңа кешенде жаттығатын боламын. Мұндағы залдар кең, жарық және жылы. Мұнда тек кәсіби спортшылар ғана емес, спорттық демалысты ұнататындарға да келуге болатыны қуантады», - дейді №39 орта мектептің оқушысы Аяулым Құдайбергенова.