ҰҚШ ұйымына мүше елдердің қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Кезекті жиын онлайн режимде өтті

1 желтоқсан күні ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердің қорғаныс ведомствалары басшыларының кезекті отырысы бейнеконференция байланысы режимінде өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қорғаныс министрлерінің кеңесі – әскери саясат, әскери құрылыс және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы Өзара іс-қимылды үйлестіру мәселелері жөніндегі ұйымның ресми жарғылық консультативтік және атқарушы органы.

Аталған кеңеске Қазақстан Республикасының атынан Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев қатысты.

«Қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерге қатысты пікір алмасты, әскери шеңбердегі ҰҚШҰ қызметінің басым бағыттарын келісті», - делінген ведомствоның баспасөз қызметі хабарламасында.

Отырыс барысында материалдық-техникалық, медициналық қамтамасыз ету, бітімгершілік қызмет, кадрлар даярлығын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру, сондай-ақ ҰҚШҰ ұжымдық күштерінің бірлескен жауынгерлік даярлық іс-шаралары қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

«Оқу-жаттығу сценарийіне қазіргі қарулы қақтығыстардан алынған сабақтарды қосу қажет деп санаймыз. Біз қауіп-қатерлерге ұжымдық тойтарыс беруге дайын екенімізді көрсетіп, жауынгерлік іс - қимылдарды жүргізудің жаңа әдістері мен тәсілдерін пысықтауға тиіспіз», - деп генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев атап өтті.

Сонымен қатар, тараптар 2021-2025 жылдарға арналған Ұйымға мүше мемлекеттердің әскери ынтымақтастықты дамыту жоспарын талқылады.