$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.11.2020, 11:06
Қоғам

«Басқа жұмыс іздей беру ескертілді». Ұлттық аударма бюросының жабылатыны рас па?

Рауан Кенжеханұлы жобаның болашағына қатысты өз ойын айтты

«Басқа жұмыс іздей беру ескертілді». Ұлттық аударма бюросының жабылатыны рас па?

Елбасының тапсырмасымен 2017 жылы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру үшін коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» құрылған болатын. Жоба аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілден қазақ тіліне аударылуы тиіс. Біздің студенттерімізге дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік берілуі керек деген міндет жүктелді.

Бюроның ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, жалпы саны 800-ден аса оқулық атауы келіп түскен. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға cай оқулықтар таңдалды. Жоспар бойынша 2017-2018 жылдары 47 оқулық қазақ тіліне аударылып, еліміздегі 132 университетке жеткізілді. Жаңа оқулықтар 2018-2019 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енгізілген.

Редакциялық алқаға мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жетекшілік етсе, оның құрамына ЖОО ректорлары, саясаттанушылар, философтар, әлеуметтанушылар және белгілі тарихшылар мен психолог мамандар кірген. Ал қамқоршылық кеңесінде бұрынғы ақпарат министрі Дәурен Абаев, Айдос Сарым, Саясат Нұрбек және ҚСЗИ президенті Зарема Шәукенова бар. Серіктестер санатынан Harvard, Oxford, Cambridge университеттерін көруге болады.

Сайттың бірінші бетінде жоба туралы «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы алғысөз жазып, 2019-2020 жылдары үшінші лектегі 30 оқулық аударылып басылғанын, қазір жобаның төртінші кезеңіне таңдалған 23 оқулықты аудару процесі жүріп жатқанын айтқан.

Ұлттық аударма бюросында бірнеше оқулыққа әдеби редактор болған тіл жанашыры Назгүл Қожабекова өзінің Facebook-парақшасында аударма бюросының жұмысына қатысты пікір қалдырды. Ол бюрода жұмыс істеген үш жарым жыл ішінде жобаның бел ортасында жүргенін айтып, «аудармалар сапасыз, сондықтан бюро жабылып жатыр» деген сауалға жауап берген. Редактор жұмыс сапасыз болса, оған жұмысқа шала қарайтын мамандар кінәлі депті. 

«Мінсіз емес, оны бәріміз білеміз. Оның басты факторы – уақыт. Үкімет тапсырысты тек бір жылға береді. Ол бір жылдың үш айы басып, таратуға кетеді. Сонда мәтінді дайындауға тоғыз ай ғана уақыт қалады. Оған ешкім ештеңе істей алмады. Біздегі «госмашинаның» жұмыс істеу ырғағы сондай болды. Бұл кітаптардың сапасында кемшін болса – өзіміздің қоғамдағы қазіргі ұстаным, жұмысқа деген қатынас кінәлі. Біреудің халтурить етіп шала істеп кеткен жұмысын жөндейміз деп қанша түніміз кетті. Орта жолдан тастай алмайсың, ол адамға қайтарып бере алмайсың, өйткені шамасы жеткені осы», - дейді Назгүл Қожабекова.

«Кино өнеріне кіріспе» кітабының ғылыми редакторларының бірі, өнер докторы (PhD) Молдияр Ергебеков те әлеуметтік желіде үш күн бұрын ұзақ пост жазып, «100 кітап жобасы жабылады» деген алып-қашпа әңгімелерге алаңдаушылық білдірген.

«100 кітап жобасы жабылғалы жатыр екен. Әрине, бұл жайында қазірге дейін ресми мәлімдеме жоқ. Алайда, сыбыс бар. Бізді басқаратындардың әдеттегі жағдайы сол: қоғаммен коммуникацияны ақсату. Ақпарат бермеу. Бәрін «солай болды, не істейміз ендіге» келтіру. 2-3 күн бұрын естідім мұны. Дел-салдық басты мені. «100 кітап аудару» жобасы үлкен ҮМІТ еді. Болашаққа, бұл елдің болашағына деген үміт. Зиялы қоғам қалыптастыруға деген үміт. Зиялы қазақ тілін қалыптастыруға деген үміт. Балаларымыздың бізге қарағанда әлдеқайда білімді болатынына деген үміт. Қоғам арасында коммуникация орнап, адамдарымыз бір-бірінен әсер алып, түсіністік орнайтынына деген үміт. Ешкімнің ешкімді кемсітпейтін, пікірталастың орнайтынына деген үміт. Күн сайын, сағат сайын артып жатқан қоғамдық сананың тұтылуының бітетініне деген үміт. Егер бұл жоба жабылар болса күллі үмітімізге балта шабылады», - депті Молдияр Ергебеков.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлына хабарласып, мән-жайды өз аузынан білуге тырысты. Жоба жетекшісі биыл 2 қазанда мемлекет басшысының жеке қабылдауында болып, 100 кітап жобасы бойынша есеп берген болатын. Ұжым басшысы қазір 77 атаулы кітапты аударып таратқандарын, қалған 23 кітаптың баспаға өткізу үшін дайын тұрғанын айтады. Ал «Бюро жабыла ма?» деген сауалдың жауабын нақты білмейтінін айтты.

«Жабылады деген сөз жоқ. Менің айта алатыным, біз 100 жаңа оқулық деген жобаны биыл аяқтап жатырмыз. О баста, 2017 жылы жұмыс басталған кезде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру үшін қоғамдық ұйым, яғни мемлекеттік емес ұйым ретінде құрылсын деген тапсырма болды. Соған сәйкес осы ұйым құрылды. Менің ойымша, бүкіл қауым болып жұмыс істедік. Кітаптардың сапасына да, аудармасына да осы елде кім атсалысуға тиіс, барлығы қатысты деп айта аламын», - дейді Р. Кенжеханұлы.


Суретте: Рауан Кенжеханұлы

«Бірақ келер жылы не істелетіні және нақты қандай жобалар ары қарай жалғасатыны туралы әзірше белгісіз. Соған байланысты біз кейбір әріптестерімізге алдын ала ескертіп, қазірден бастап жеке жоспар құра беруге болатынын айттық. Өйткені жобаның басы-қасында жүрген адамдарға алдын ала ескерту парыз. Бірақ өзіміздің тарапымыздан бұл жобаны келесі жылы да жалғастыру туралы көркем әдебиттер тұрғысынан, балалар әдебиеті тұрғысынан да ұсыныстарды жинақтап бердік. Соған қатысты шешім күтіп отырмыз», - дейді Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры.

Оның айтуынша, жобаға 300-ден астам маман қатысқан. Оның 100-і – Бюрода штатта жұмыс істейтін мамандар.

«Олардың бірсыпырасына жағдайды түсіндіріп айттық, ал қараша, желтоқсан, қаңтар айларында толық міндеттемлерімізді орындау үшін бірге жұмыс істейтініміз белгілі. Бірақ одан кейін жоспарлар нақтыланбаса, бұл мамандарға басқа жұмыс қарастыру керек екенін ескерттік», - деді жоба жетекшісі.

Айт кету керек, кітаптарға тапсырыс беруші – ҚР Білім және ғылым министрлігі. Былтыр Ұлттық аударма бюросында кітап аударуға жұмсалатын қаражат туралы пікірлер қайшылығы болған еді. Блогерлер осы салаға 7,1 млрд теңге бөлінгені туралы ақпаратты жариялады. Рауан Кенжеханұлы бұл мәселеге қатысты жауабында 2017-2018 жылдары 48 оқулықты аударуға 1,8 млрд теңге жұмсалғанын айтып, жалған ақпарат таратқандарды сотқа беретінін мәлімдеген.  

Оқи отырыңыз: Bilim Media Group компаниясы Денис Кривошеевті сотқа бермек

Р. Кенжеханұлы біздің 3,5 жылда жобаға жалпы қанша қаражат жұмсалды деген бүгінгі сауалымызды жауапсыз қалдырды.

«Жоба толық аяқталған жоқ, қортындылау кезеңінде тұрмыз. Толық қорытынды шықпай жатып, жалпы соманы айту қиын. Бірақ әр кітапқа шаққанда тиісті соманы айтып жүрміз. Авторлық құқықтары, аударма жұмысы бар, басып тарату жұмыстарын қоса есептегенде, 3860 теңге қарастырылған. Аудармашылардың орташа жалақысы 250-300 мың теңгенің көлемінде», - деді бюроның атқарушы директоры.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары