Форумның онлайн алаңдарына 20 000-нан астам адам қатысты
Бүгін елордада «Қоғам және мемлекет: «Birgemiz» серіктестік пен дамудың 30 жылы» атты IX Азаматтық форумы пленарлық сессиясы өтті. Шараның салтанатты ашылуында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев мемлекет азаматтық қоғамның тұрақтылығын арттыруға жәрдемдесе беретінін атап өтті.
«Біз Қазақстан азаматтары емін-еркін қауымдастықтарға біріге алуына жан-жақты қолдау көрсете беретін боламыз және мұны негіз қалаушы конституциялық құқығы ретінде қарастырамыз. Ол Қазақстанның саяси жаңғыруының және ілгері қарыштайтын қоғамдық прогресінің маңызды шарты саналады. Сондықтан біз бүгіннен-ақ заңнамамызды өзгертіп, қоғамдық кеңестердің, азаматтық қоғамдық бақылаудың, еріктілердің қызметін күшейтуге бағытталған жаңа заң жобаларын әзірлейміз», – деді Қ.Көшербаев.
Сонымен қатар, отырыс барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, өңірлік азаматтық сектор өкілдері, саясаттанушы Айдос Сарым, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің хатшысы Алтынай Көбеева, «Атырау. Кішкентай ел» балаларды оңалту орталығының жетекшісі Ерлан Күмісқалиев, «Береке» ҚБ төрайымы Роза Абдуллаева, Nege.kz қазақ тілді порталының директоры Александр Данилов сөз сөйледі.
Форум ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауының идеялық мазмұнына сүйенеді, онда азаматтық секторды дамыту мен өркендеудің, олардың мемлекетке деген сенімін арттырудың маңыздылығы аталды.
Аида Балаеваның айтуынша, форум кері байланыстың алуан түрлі тетігі қолданылған шынайы диалогқа айналды. 40-тан астам түрлі форматтағы онлайн сұхбат алаңдары ұйымдастырылды.
Форумның онлайн алаңдарына 20 000-нан астам адам қатысты, талқылауға 1500-ден астам ҮЕҰ белсенді өкілдері атсалысты.
Орталық мемлекеттік органдардың 12 басшысының салалық кездесулері өткізілді, онда ҮЕҰ өкілдері «еркін микрофон» форматында өздерін толғандыратын сұрақтарға жауап алды.
IX Азаматтық форумның қорытындысы бойынша азаматтық қоғам өкілдерінен 650-ден астам ұсыныс пен ұсыным келіп түсті. Оның ішінде республикалық форумның қорытындысы бойынша – 500-ден астам ұсыным, 17 өңірлік форумның қорытындысы бойынша-150 ұсыныс қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, Азаматтық форум - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен 2003 жылдан бері әрбір екі жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі алаң. Қатысушылардың қауіпсіздігі мақсатында Азаматтық форум онлайн режимге көшірілді, ал делегаттарға ыңғайлы болу үшін мазмұнды бағдарлама бес күн бойы жалғасты.