Салықтың жаңа түрі: Қазақстанда смартфон, ноутбук және теледидар қымбаттауы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Қосымша ақы авторлық меншік иелеріне төленбек

Қазақстан нарығына электрондық техникаларды жеткізетін және өндіретін ірі компаниялардан қосымша салық алынуы мүмкін. Яғни, импорттаушылар мен Қазақстанда техника шығаратын кәсіпорындарға аудио және бейне ойнатқыштарды жеке мақсатта пайдалану үшін авторлық алым алынатын болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Техниканы (смартфондар, теледидарлар, планшеттер, компьютерлер және сол сияқты электрондық құрылғылар) сатушылардан тауардың кедендік құнынан 0,7% мөлшерінде алым алынады. Егер бұл үрдіс жүзеге асса, тұтынушы үшін тұрмыстық электрондық техникалар құны тағы да 2-2,5 пайызға қымбаттауы мүмкін.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚТАН ҚАША АЛМАЙМЫЗ

Қазақстандық сауда компаниялары мен тұрмыстық электроника тауар өндірушілері қауымдастығының (КАТЭКС) төрағасы Сергей Архипкин мұны әділетсіздік деп есептейді. Бізде электрондық техниканың барлығы онсыз да сырттан жеткізіледі және оған белгіленген кедендік баж салықтары мен оны саудалау кезінде қосылатын қосымша шығындар бар. Яғни, тұрмыстық техника тұтынушыға онсыз да қымбатқа түсіп отыр. Енді ол үшін авторлық құқық деп тағы алым алынса, қарапайым халықтың қалтасына салмақ болары анық.

«Артық төлемдер мемлекеттік құрылымдардың да мойнына салмақ болады. Үкіметтік, жергілікті атқарушы органдар, түрлі мемлекеттік салалар халықтың салығы есебінен гаджеттер, планшеттер, компьютерлер, серверлер сатып алады. Олардың бюджет қаржысына алған техникаға біз айтып отырған алымдар қосылып, ақырында қымбат бағамен сатылады. Сол сияқты жеке тұтынушылар да смартфон, теледидар, планшет сатып алғанда, кем дегенде 2,5 пайызға, тіпті одан да қымбат төлейтіні сөзсіз. Айналып келгенде, бұл ауыртпалық тағы да Қазақстан халқына артылғалы отыр», - дейді Сергей Архипкин.

Қазір қауымдастыққа елде электрондық тауарларды сырттан әкеліп саудалайтын 8 компания мүше. Ал Қазақстанда электрондық құрылғылардың жылдық сауда айналымы – 500 млрд теңге. Импорттаушылардан авторлық құқық үшін салық алынса, тұрмыстық техникалардың қымбаттауынан тұтынушыға келетін шығын мөлшері 10 млрд теңгеден жоғары болады. Осы соманың бір бөлігі халық арасында беймәлім құқық иеленуші компаниялардың қалтасына кететіні анық дейді Сергей Архипкин.


Суретте: Сергей Архипкин

Десе де, алымдарды жинаумен айналысатын ұйымның аты белгілі. Ол – 2017 жылы құрылған «Еуразиялық құқық иеленушілер одағы» (ЕҚО). Одақ қауымдастыққа кіретін компанияларға екіжақты келісімшартқа отыруға бірнеше рет ұсыныс жіберген. Қол қойса, қауымдастық аудио және бейнеойнатқыштарды (флешка, смартфон және компьютер) жеке мақсатта пайдалану үшін авторлық құқық алымын төлеуге міндеттеледі. Сондықтан аталған құжатқа қол қойылмаған.

АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЕСКІРГЕН, АЛ ҚАУЛЫ АСЫҒЫС ҚАБЫЛДАНҒАН...

Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымдағы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңы аясында шығарма авторларына сыйақы төлеу қарастырылған. Осы Заң санаткерлiк меншiк саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi.

Ал 2019 жылы 26 маусымда Үкіметтің № 445 Қаулысына сәйкес, Қазақстан нарығына электрондық техникаларды жеткізетін және өндіретін ірі компаниялардан қосымша салық алу міндеттелген. Яғни, аудио және бейнеойнатқыштарды (флешка, смартфон және компьютер) саудалаушылар құқық иеленушілер одағына тауардың кедендік құнынан 0,7% мөлшерінде аударып отыруы тиіс еді. Бірақ тараптар осы күнге дейін бұл заңның орындалуына қатысты ортақ шешімге келе алмай отыр. Сауда компаниялары мен тұрмыстық электроника тауар өндірушілері қауымдастығы бұл кәсіпкерлікке қосымша шығын десе, «Еуразиялық құқық иеленушілер одағы» шығарма авторлары заң аясында өзіне тиесілі қаржыны алуға құқылы дегенінен таяр емес.

Заң 1996 жылы қабылданып, қарақшылық жолмен көшіріп саудаланатын диск және өзге де кассета түріндегі өнімдердің жолын кесуге бағытталған болатын. Лицензиялық кассеталардан алып, оның көшірмесін сату көбейгенде, бұл заң қажет болды. Автор лицензиялық кассетадан ғана өз сыйақысын алды, сосын қалғанының қызығын алыпсатарлар көрді. Енді ол заманнан бері жағдай мүлдем өзгерді. Бірақ заң сол күйінде жұмыс істеп келді.

«Былтыр Үкімет қосымша қаулы қабылдап, сырт елдерден электрондық тауар әкелушілер авторлық одақтарға қаржы төлесін дегенді енгізді. Енді биыл қыркүйек айынан бастап біздің қауымдастыққа кіретін компанияларға «Еуразиялық құқық иеленушілер одағы» келісімшартқа қол қойып, қаржы аударыңдар деп жатыр. Аударылатын сома – кедендік алымның 0,7 пайызы. Жақсы делік. Бірақ оның есебін кім шығарды, бұл сома қайдан алынды? Соны ешкім түсіндірмейді. Осы жобаны әзірлеген Әділет министрлігі ЕАЭО құрамындағы елдерге қарап жасай салған. Мысалы, Ресейде және Беларусь елінде 1 пайыз дегенді экономикалық негіздеме етіп алса керек. Біз соңғы бір жылда бұл қаулы заң талаптарын бұза отырып жасалғанын айтып, бірнеше рет хат жолдадық. Үкімет Әділет минстрлігіне қайта қарауға жіберді. Сонымен күтіп отырмыз», - дейді Қазақстандық сауда компаниялары мен тұрмыстық электроника тауар өндірушілері қауымдастығының (КАТЭКС) төрағасы Сергей Архипкин.

ШЫҒАРМАСЫ ФЛЕШКА, СМАРТФОН, КОМПЬЮТЕРДЕ ҚОЛДАНЫЛҒАНЫ ҮШІН АВТОРЛАР СЫЙАҚЫ АЛУЫ КЕРЕК

Авторлық құқық үшін деп төлем жинайтын «Еуразиялық құқық иеленушілер одағы» төрағасы Әсет Блиев  Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген сұхбатында «Заң бар, бірақ оны ірі кәсіпкерлер орындауға асықпай отыр» деп шағымданды. Одақтың жетекшісі әрбір сатылған электрондық тауардан алым алып, оны сыйақы ретінде авторға беру әлем елдерінде бір ізге түскенін айтады. Батыс Еуропа елдері оны бұрыннан қолданады. 

«Кафе, бар, мейрамханалар музыка қойса, келушілер тамақ ішіп, көңіл көтереді делік. Ол жерде музыка ойнап тұрады. Кафе-барлар ол үшін музыка авторына төлеуі тиіс. Авторлық қоғамда осы шығармаларды пайдаланғаны үшін қаржы аударады, ал авторлық одақтар оны шығарма иесіне төлейді. Бұл бүкіл әлемде қалыптасқан тәжірибе. Қазақстанда да осылай. Бірақ мейрамхана, кафелер бұл төлемдерді өз клиенттерінің мойнына артып отырған жоқ қой. Радиостанциялар мен телеканалдар да музыка, клип қолданғаны үшін авторлық қоғамдарға қаржысын аударып келеді. Сол сияқты, смартфон арқылы аудио, видео өнімдерін пайдаланып, ол файлдарды біреуге жолдайсыз. Музыканы немесе фильмді интернеттен көшіріп алып, тыңдап немесе көресіз. Мұнда негізгі құрал – қолыңыздағы электрондық құрылғы. Егер ұзақ жолға шықсақ, флешкаға көлікте тыңдау үшін музыка жазып аламыз. Сол сияқты, компьютерге де осылай көшіріп, басып, оны тарату құралы ретінде пайдаланып жүрміз. Осы қызметтер үшін электрондық тауарларды импорттаушылар авторлық сыйақы төлеуге міндетті», - дейді Әсет Блиев.

ИМПОРТТАУШЫЛАР АВТОРЛЫҚ СЫЙАҚЫНЫ ТҰТЫНУШЫ МОЙНЫНА АРТПАУЫ ТИІС

Яғни, олар сатқан смартфон, флешка және компьютер үшін салығының белгілі бір бөлігін туынды авторларына аударсын деп отырмыз. Ол үшін Үкімет кедендік салықтың белгілі бір пайызын төлеуді міндеттеді. Заң бар, енді оны орындауға келгенде қауымдастық дау шығарып отыр. «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заң және 2019 жылы қосымша қабылданған Үкіметтің арнайы қаулысы бар.

«Ең қызығы, өндірушілер мен импортшылар бұл авторлық сыйақыны тұтынушының мойнына артып қойғылары келеді. Олар өнімді әкелді, одан пайда тауып отыр. Оған сұраныс та жоғары және осы қондырғылар авторлық меншікке жататын шығармаларды оңды-солды пайдалануға жол ашып отыр. Ендеше соны елге әкеліп сатқанды біледі, ел заңнамаларына сай шығарма авторларына да сыйақы төлеуден қашпауын сұраймыз. Бұл дүниежүзінде бар тәжірибе, ешкім аспаннан алып отырған жоқ», - дейді ЕҚО төрағасы Әсет Блиев.

Оның айтуынша, үш жыл бұрын құрылған «Еуразиялық құқық иеленушілер одағы» бірде-бір төлем жасамады деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Одақпен келісімшартқа отырып, жұмыс істеп жатқан электрондық тауарлар тасымалдаушы компаниялар бар көрінеді. Тек негізгі ірі өндірушілер мен тасымалдаушыларды біріктіретін Қазақстандық сауда компаниялары мен тұрмыстық электроника тауар өндірушілері қауымдастығы келісімшартқа қол қоймай келеді дейді ол.

«Қаулыны бекітерде бірнеше рет екіжақты кездесулер өткіздік. Ол құжат қабылданбай тұрып мемлекеттік органдардың барлығының мақұлдауынан өтті. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да қолдаған болатын. Ақырында құжатқа Премьер-министр Асқар Мамин қол қойды», - деді авторлық меншік жөніндегі одақтың төрағасы.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы