Германияда 20 желтоқсанға дейін мейрамханалар жұмыс істемейді
Рождество мерекесі алдында дүкендер мен сауда орталықтарында да шектеу күшейтілмек
Германияда 20 желтоқсанға дейін мейрамханалар мен басқа да қоғамдық тамақтану орындары, сондай-ақ ойын-сауық және мәдени орталықтар жабық болады. Тиісті шешім Германия канцлері Ангела Меркель мен федералды мемлекет басшыларының кеңесінде қабылданды.
Сонымен қатар, федералды және мемлекеттік органдар сырқаттану көрсеткішінің жоғары деңгейі бар аймақтар үшін шектеу шараларын қатайтпақ (соңғы жеті күнде 100 мың тұрғынға шаққанда 200-ден астам жағдай).
Жаңа шектеулер мектеп пен сауда саласына да қатысты болмақ. Рождество мерекесі алдында дүкендер мен сауда орталықтарында адамдардың көп жиналуына жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдау жоспарлануда.
Атап айтқанда, ауданы 800 шаршы метрге дейінгі сауда орындарында 10 шаршы метріне бір адамнан, ірі дүкендерде 20 шаршы метріне бір адамнан артық кіруіне рұқсат етілмейді.