Алматыда пайдалануға жаңа берілген көпқабатты үйдің бір қыста тоз-тозы шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Кешендегі пәтерлер жылымайды дейді тұрғындар

Алматының Наурызбай ауданында жақында пайдалануға берілген «Alma City» тұрғын үй кешенінің мыңдаған тұрғыны қыстың азабын тартып отыр. Қалада қараша айымен бірге келген қара суық көпқабатты үйлердің сапасыз салынғанын әшкереледі. Құрылыс материалдары сапасыз болғандықтан, терезелерден суық кіріп, су құбырлары жиі жарыла береді. Алғашқы қысты осындай азынаған пәтерде қарсы алдық деген тұрғындар БАҚ өкілдерінен көмек сұрады. Түнделетіп жиналған жұрт құрылыс компаниясының өкілдеріне өз талаптарын жеткізді.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне хабарласқан Әлібек Әміреев есімді тұрғын жаздың бір айында жерасты құбырларының 12 рет жарылғанын тіркеген. Бұл олқылықтарды көріп, құрылыс компаниясының өкілдерінен қыс түспей тұрып жағдайды реттеуді талап еткенімен, сапасыз құрылыс материалдарын ауыстыруды ешкім қолға алған жоқ, дейді ол.

«Құрылыс компаниясының өкілдері құбырларды ауыстырудың орнына тек жамап беріп кетеді, сосын ол қайта жарылады. Әр жарылған сайын 2-3 күн бойы тұрғындар сусыз отырады. Бұл пандемия кезіне тап келді. Құрылыс жүргізген компания ол жерде сапасыз құбырлар партиясы кетіп қалыпты деп ақталған. Басқа блоктардың алдында мұндай проблема болмайды деп сендірді. Алайда, бір апта өтпей өзге блоктарда да осындай жарылыстар кезек-кезек қайталана берді. Кейін жұмысшылардан сұрағанда, бұл үйлердің бәрінде су құбырларының сапасы бірдей дегенді естідік. Күн суымай жатып сапасыз құбырларды ауыстырып тастаңыздар деп өтіндік. Олар жарайды деді, бірақ үш ай өтіп кетті. Ештеңе жаңарған жоқ. Осыдан кейін қалай сенеміз? Демек, «Qazaq Stroy» құрылыс компаниясы бұл үйлерді салуға ең сапасыз материалдарды қолданған, сонымен бірге жұмыстарды да сапасыз істеген. Барлық мәселе қоныстанған соң шығып жатыр», - дейді Әлібек Әміреев.

Бұл тұрғын үйлер коммерциялық бағамен сатылған. Компанияның сайтындағы ақпаратта «комфорт сыныпты, жанға жайлы, сапалы материалдардан салынған, ауасы таза аудан» деп көрсетілген. «Бастапқыда үйдің жобалау құжаттарында 9 қабатты деп көрсетілгенімен, сатып алған соң бұл үйлердің 10 қабаттан тұратынын байқадық. Бұл үйді өткізу үшін жасалған «қулық» болуы керек», - дейді Айжан Алғадаева есімді тұрғын.

«Осы үйді алғанда, бір жақсы үйде тұрамыз деп үміттеніп едік. Алғалы бері жүйкемізге тиетін кемшіліктер өте көп, подъездің сыртқы есігінен бастап жабылмайды. Терезелерінен жел соғып тұр. Жаздың күні білінбеген еді, міне, қыс түсті, үйде отыра алмаймыз. Үйде пима киіп отырған дұрыс па? Ал жертөледегі жағдайды айтудың өзі сұмдық. Құбырлардың сапасыздығы сонша, бәрінен су сорғалап тұр», - дейді баспанаға қыркүйек айында көшіп келген тұрғын.

 

Әсел Жақсылықова да «Alma City» тұрғын үй кешенінің екінші кезегінен пәтер сатып алған. Ол жарық сөніп қалса, су мен жылу да бірге өшеді дейді. Күн сайын бір рет өшіп тұратын электр жарығы тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманын еске салатын көрінеді. Көптеген отбасы «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» арқылы көп жылдан бері қаражат жинап, осы пәтерлерге әрең қол жеткізген.

«Алма Сити» ТҮК-тің 14-блогының тұрғынымын. Осы күнге дейін біздің үйде жарық жиі сөніп қалуынан бірнеше пәтерде жаңадан алған техникалар да күйіп кетті.  Осы жерде Лаура есімді кісі КСК жетекшісі. Бірақ ол «мені осында басшы етіп қойғанымен, ол мәселелерді шешуге ешқандай мүмкіндік бермейді» деп айтады. Басында РСЖ-ны шаршы метріне 75 теңгеден төледік. Подъездер жуылымайды, оған да шыдадық. Қазір подъездер қатты суық, әрбір үйде кішкентай балалар көп.  Олар жиі ауырып, ауруханаға түсіп жатыр», - деп шағымданды тұрғын.

Азынап тұрған пәтерлердің алғашқы сатылымы былтыр наурыз айында басталған. Қасбеті әдемі болып көрінгенімен, кіре берістен бастап әрбір пәтердің төріне дейін ең арзан әрі сапасыз материалдар пайдаланылғаны көзге көрініп тұр. Қазір құрылыс компаниясы арнайы басқарушы компания құрып, ол пәтер иелері кооперативінің жұмысын атқарып жатыр. Құрылыс компаниясының кепілдік уақыты да таяп қалды. Тұрғындардың айтуынша, мердігер компания уақытты созып, кепілдік уақытының аяқталғанын асыға күтіп отыр. Яғни, болашақта құрылыстағы кемшіліктің бәрін тұрғындардың өздері өз ақшасына жасатуы ықтимал.

«Qazaq Stroy» құрылыс компаниясының өкілі Бауыржан Қасымов Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында проблеманың соншалықты көп емесін айтып ақталды. Компанияның арнайы басқарушы мекемесі мұндағы 16 көпқабатты үйге қызмет көрсетеді.

«Қабырға айырылды дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Мүмкін сызат түскен шығар. Бүгін көреміз, тексереміз. Үй сапасыз деп айта алмаймын, егер терезеден жел үрлесе, жаңадан көшіп келген пәтер иесі бізге тапсырыс берсе, барып, жасап береміз. Қалада нарықта қандай терезелер қойылады, біз де соны қолдандық. Қазір көптеген пәтер жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, олардың бірі дәліздегі терезені шаққан, содан оны біз ауыстырып үлгергенше, батарея қатып қалып, жарылып кетіп отыр. Мұндай жағдай барлық үйге тән емес. Құбырлардың жиі жарылуына бізге материал әкелетін компаниялар кінәлі, құбырлар сапасыз болып шықты. Қазір біз олармен соттасып жатырмыз. Тұрғындар ол туралы біледі. Бірақ біз сот шешімін күтпей 50 млн теңгеге қайтадан құбыр сатып алдық. Ауыстыруға кірістік», - дейді құрылыс компаниясының өкілі.


Суретте: Бауыржан Қасымов

«Шұғыла» шағынауданында бой көтерген тұрғын үй кешенінің уәкілеттік компаниясы – «Елімай Invest», ал нысандарды салып, үлескерлік және тікелей сату арқылы жүзеге асырып жатқан компания – «Qazaq Stroy» ЖШС-і. Кәсіпорын кешеннің үшінші кезегінде 145 тұрғын үй құрылысын салып жатыр. Олар муниципалдық тұрғын үй кезегінде тұрғандарға және мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін болады. Бұл туралы ТҮК-нің арнайы сайтында көрсетілген.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы