Ишимское ауылына қатысты мәселе әлі шешілер емес
Ақмола облысы Жақсы ауданының Ишимское ауылында тұрғындар мен жергілікті «Имран Агро» компаниясы арасында дау әлі басылар емес. Тұрғындардың айтуынша, облыс және аудан әкімдігі жіберген компания онсыз да шаруасы шатқаяқтап тұрған ауылды тіпті құлдыратып жіберген.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, арадағы жанжалға байланысты компания наубайхананы жауып, елге ауыз су жеткізуді тоқтатқан. Тоқаевқа (Мемлекет басшысы – авт.) дейін үндеу жасаған ауыл тұрғындары компанияның біржола елден кетуін талап етіп отыр.
Тұрғындар жерді кепілдікке қойып алған миллиардтаған ақшаның компания басшыларының қалтасына кетті деп күдіктенеді. Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселеге байланысты барлық тараптың пікірін тыңдап көрген еді.
«5 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРЫЗ АЛҒАН»
2000 жылдары Ишимское ауылының жері «Әліби» аграрлық корпорациясының құрамындағы «Ишим астық» ЖШС-ның иелігінде болған. Компания сенімді өкілі арқылы ауыл тұрғындарына тиесілі жерді кепілгдікке қойып, «Цесна Банк» АҚ-дан 5 миллиард теңгеден астам несие алады. Сосын қарызын мүлде төлемей, проблемалық несиелер тізіміне еніп кеткен. Банк қарызды Проблемалық несие қорына жіберіпті.
«2018 жылы «Әліби» корпорациясымен келісімшартты бұзбақ болдық. Бес бірдей белсенді елордадағы орталықтың кеңселеріне бардық. Компанияның сенімді өкілі жерге қатысты ауылдың аңғал жұртына қол қойғызып, сенімхат алып алған екен. Содан ойына келгенін жасапты. «Цесна Банктен» жерді кепілге қойып алған 5 миллиард теңгеден астам қарызын қайтара алмай, банк жерді Проблемалық несие қорына өткізген. Оған қоса, сол кездегі «Ишим Астық» ЖШС директоры Жақауов «Даму» қорынан тағы 513 миллион теңге алған. Инвесторларымыздың осыншама қаражат алғанынан ел еш хабарсыз болған. Аталған іс бойынша облыс әкімдігінен, Бас прокуратурадан да адамдар келіп, жиын өтті. 2019 жылы Үкімет қаулысымен, облыс әкімдігінің нұсқауымен бізге басқа инвестор жіберді. Біз бұдан да хабарсыз болдық. Әкімдік халықпен келіспей инвесторды әкеле салды. Біздің 26 мың гектар, оның ішінде пайшылардың 11 мың гектардан астам жері енді «Имран Агро» ЖШС-ға кірді. Сөйтіп 2019 жылдың мамырында көктемгі егіс науқаны басталып кетті. «Имран Агро» мамыр айында тағы бір инвестор алып келді. Олар инвестиция салады-мыс. Ал күзде қос инвестор бір-бірімен келіспей, жиналған астық үшін «соғыс» басталды. Соңында олар бір-бірімен соттасып тынды. Сөйтіп кейін келген компания сот арқылы «Имран Агро» компаниясынан 35 миллион теңге өндіріп, кетіп қалды», - дейді Ишимское ауылының белсенді тұрғыны Алма Көшейқызы.
«ХАЛЫҚТЫ НАНСЫЗ ӘРІ СУСЫЗ ҚАЛДЫРДЫ»
Осы жағдайдан кейін ауылдағы ахуал тіпті шиеленісе түскен. Жергілікті биліктің ұйымдастыруымен (құқық қорғау және прокуратура өкілдері қатысқан) өткен жиында халық инвестор компанияның біржола кетуін талап еткен.
«Тұрғындарға еш көмектеспеген «Имран Агро» енді қолда бар техникасын металл етіп сата бастады. Пайымызды не астық түрінде де бермейді. Азын-аулақ арпамен алдай салды. Облыс және аудан әкімдіктеріне хат жазып, инвестор таңдау құқығын өзімізге беруді сұрадық. «Имран Агро» елге еш жақсылық жасап жатқан жоқ. Тек өз қалтасының қамын ойлайды. Әкімдік өкілдері мемлекеттік органдардың жеке кәсіпкерлік ісіне араласа алмайтынынын айтады. Жұмысшылар бірнеше ай бойы жалақысын ала алмай жүр. Зейнетақы аударымы жасалмаған. Ал, Проблемалық несие қоры бізге еш хабарламастан «Имран Агро» ЖШС-не барлық әкімшілік ғимараттарды, техника және басқа да жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді өткізіп берген. Енді компания басшысы Әкішев бізді «бұрынғы пайшылар» деп жүр. Қазір халық пен компания арасындағы жағдай қатты ушығып тұр. Ауыл жігіттері техниканы алып кетпес үшін қоршауды дәнекерлеп тастаған. Компания ауылдағы наубайхананы жауып тастап, елге тасымал су әкелмей қойды. Ауыл тұрғындары жанармайға ақша шығарып, өз күшімен су тасып жүр. Билік өкілдері, компания басшысы және облыс әкімдігі мен прокуратура өкілдерінің қатысуымен бірнеше жиын өтті. Ауыл компанияның елден біржола кетуін талап етті. Осыдан 1-2 күн бұрын «Имран Агро» ЖШС-нің аумағындағы шөп өртенді. Компания оған халықты кінәлап отыр. Біз оны өртеп қайтеміз. Барлығын заң жүзінде істеп отырмыз. Басқа ештеңе талап етпедік. Тек бізге басқа инвестор таңдауға құқық беріп, бұл компаниядан құтылсақ дейміз», - дейді Алма Көшейқызы.
«АУЫЛ ЖЕРІН ИНВЕСТОР ИЕЛЕНГЕН»
Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Рамазанов ауыл тұрғындарының жер үлесі әлдеқашан «Имран Агро» компаниясының меншігіне өтіп кеткендіктен, қолдан келер қайран жоқ екендігін жеткізді.
«Халық жерінен айырылып қалған. «Имран Агро» компаниясы келмес бұрын 5 миллиард 316 миллион теңгеге банкке кепілдікке қойылған жер, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер, техникалардың бәрі Проблемалық несие қорына өткен. Мәселе Үкіметте қаралып, облыс әкімдігіне жаңа инвестор табу жүктелген. Содан «Имран Агро» компаниясы осы жерде жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Компанияның кандидатурасын Проблемалық несие қоры да мақұлдап, 2019 жылдың наурызында «Имран Агро» инвестор болып кірді. Көктемгі егіс науқаны басталды. Ауыл тұрғындары жерге ие болмағандықтан, компания оларға девиденд беруге міндетті де емес. Бірақ, әлеуметтік шиеленіс тумас үшін халыққа жердің пайын арпа және сұлымен беріп отыр. Биыл компания Проблемалық несие қорымен сату-сатып алу келісімшартын жасап, жерді, техника, басқа да барлық жылжымайтын және жылжымалы мүліктерді өз меншігіне алған. Сондықтан, қазір басқа инвестор келгенмен, өзгеріс бола қояды дей алмаймын», - дейді Рүстем Рамазанов.
Аудан әкімі орынбасарының әкімдік халыққа инвесторды өзі таңдауына келісім берген. Сондай-ақ, мәселені екі жаққа да тиімді шешу мақсатында «Имран Агро» компаниясы мен Ишимское ауылдық округының әкімдігі арасында меморандум жасалған.
«Біз ауыл тұрғындарына инвесторды өзі табуына келісім бердік. Бірақ, ауыл белсенділері әлі ешкімді ұсынған жоқ. Ауылда үш күн болып, азаматтарды қабылдау ұйымдастырдық. Әрбір сұрағы мен мәселесін жазып алдық. Сол сауалдарға сәйкес, компания басшысы Өмірсерік Әкішевпен сөйлестік. Компания бізайтқан ұсыныстармен келісіп отыр. Меморандумға сәйкес, компания жұмыспен қамтуға, жаңа жылда балаларға тәтті қағаз қапшықтар беруге, суды жеткізуге, қарттар күнінде қарияларға бір-бір қап тегін ұн беруге, ауылдағы 303 пайшыға жері болмаса да пай үлесін беруге дайын екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ қоқыс тазалау, қыста қар тазалау сияқты жұмыстарға да көмек көрсетпек», - дейді Жақсы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Елікбайұлы.
Ал, «Имран Агро» ЖШС директоры Өмірсерік Әкішев тұрғындар айтқан шағымның бәрін жоққа шығарды. Оның айтуынша, компания халыққа барлық әлеуметтік жағдайды жасап келеді.
«Облыс әкімдігі біздің басқа жерлерде ауыл шаруашылығын жақсы көтеріп жатқанымызға қарап, ұсынысымызды құп алды. 2019 жылы тәуекелге бел буып, инвестор болып кірістік. «Ишим Астық» компаниясынан қалған техниканың бәрі ескі болатын. Бәрін жаңартып, еңбек өнімділігін арттырдық. Егін өнімі де өсті. Тұрғындар күзде астық, жанармай ұрлайтын. Сосын толық бақылауға алып, ұрлық жасауына еш мүмкіндік бермедік. Жалақы және зейнетақы аударымдары бәрі толығымен жұмысшыларға аударылған. Бізді еңбек инспекциясынан да, облыстық, аудандық прокуратурадан да, салық басқармасынан да келіп тексерді. Ешқандай ескерту жасалмады. Қазір біз Проблемалық несие қорындағы жылжымайтын мүліктер, техника, тіркемелердің бәрін сатып алдық. Наубайхананы ауыл белсенділері басқа инвестор алып келеміз деген соң тек бір күнге тоқтаттық», - дейді ол.
Айтуынша, наубайхана жұмысы бұған дейін бірде-бір рет тоқтамаған. Нанды ауыл тұрғындарына 70 теңгеден сатып отыр екен.
«Олар (ауыл тұрғындары – авт.) біздің техникаларымыз бен тұқымдық астық сақталған қоймаларымызды дәнекерлеп тастады. Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатыр. Біз қарсы емеспіз. Жиында басқа инвестор әкелеміз деді. Екі ай болды, әлі инвестор жоқ. Жаңа инвестор келсе, ол қоймасыз, техникасыз, ғимараттарсыз жұмыс істемек. Біз оларға осының бәрін сатуға дайынбыз. Мал асырамасақ та, ауыл тұрғындары үшін жазда шөп жинағанбыз. Қыстың соңында шөбі таусылып қалатын жұрт көрші ауылдардан тоннасын 20-30 мың теңгеден алатын. Біз оларға 9 мың теңгеден сатамыз деп әзірлеп қойғанбыз. Бірақ жақында бізбен ерегесіп, шөпті өртеп жіберді. Полиция қылмыстық іс қозғады. Шөптің айналасында іздері, жанармай құйылған ыдыстары да қалған. Жақын арада бәрі дәлелденеді деп ойлаймын. Біз ұзақ уақытқа қалуды жоспарлаймыз. Меморандум жасастық. Жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Халыққа көмек беруден қашып отырған жоқпыз», - дейді «Имран Агро» компаниясының директоры Өміржан Әкішев.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы