Қазақстан оқушылары кітап оқудан ЭЫДҰ-ға мүше елдерден едәуір артта қалған

Автор: Azattyq Rýhy

Еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаты нашар болып шықты

Фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, жетістіктерге қол жеткізіп, бәсекеге қабілетті әрі қазіргі қоғамда өзара байланыс орната білетін тұлға болып қалыптасу үшін кітап оқуға деген құштарлықтың әсері мол. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жазды.

Кітап оқу сауаттылығы деңгейін анықтау мақсатында әлемнің көптеген елдері OECD және IEA сынды халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне қатысып, нәтижесін қолданады.

PISA зерттеулерінің нәтижелері бойынша Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы жағынан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдеріндегі өз қатарластарынан едәуір артта қалып отыр.

«PIAAC халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаты нашар болып шықты. Өкінішке қарай, еліміздегі ересек азаматтардың да оқу сауаты төмен деңгейде. Бұл – бүгін ғана белгілі болған проблема емес, жылдар бойы қордаланған мәселе», - дейді министр. 

Министрдің айтуынша, еліміздегі балалар кітапты оқуға келгенде жалқаулық танытатыны бір бөлек, кейде оқыған мәтінді нашар түсініп, дұрыс қабылдай алмайды. Оған қоса  талдау және қорытынды жасау дағдысы да ақсап тұр.

«Бұл шын мәнінде, ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін үлкен проблема. Сондықтан, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың оқуға құштарлығын арттыру үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Ол үшін бала мектеп жасынан бастап көркем әдебиетті оқуға ұмтылуы қажет. Біз осы мақсатта жағдай жасауға міндеттіміз», - деп түсіндірді министр.

Елімізде білім және ғылым саласына қарасты 7096 кітапхана жұмыс істейді. Мектептерде – 6461, колледждерде – 579, жоғары оқу орындарында – 56, сондай-ақ республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана жұмыс істейді. Ал білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры – 267 325 289.

«Кітап саны көңіл көншітерлік. Дегенмен олардың қаншасы көркем әдебиет? Сол көркем әдебиеттің қаншасы қазақ тілінде? Мектеп кітапханалары жаңа кітаптармен қаншалықты жиі толықтырылады? Э. Берроуз, А. Азимов, М. Твен, Ж. Верн және басқа авторлардың еңбектері қазақ тіліне аударылған ба? Бұл тұрғыда айтарлықтай проблемалар бар», - дейді министр.

Айта кетерлігі, кітапхана қоры негізінен оқулықтардан тұрады, ал көркем әдебиет саны аз, олардың басым бөлігі кеңестік кезеңде пайдаланылған идеологиялық сипаттағы кітаптар. Әсіресе, қазақ тілінде жазылған қазіргі заманғы көркем әдебиет – жоқтың қасы.

«Көркем әдебиеттің балалар үшін қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірледі. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алуды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданатын болады», - дейді А. Аймағамбетов.

Сондай-ақ Ұлттық білім академиясы әдебиет, тіл институттарымен, «Оқулық» орталығымен, Ұлттық ғылыми кітапханамен, НЗМ, БИЛ бірлесіп ұсынылған әдебиеттер тізімін құруға кірісті.

Жоба шеңберінде қазақ әдебиетінің де, қазақ тіліндегі әлем әдебиетінің де қолжетімді болуына ерекше назар аударылады. Одан өзге, кітапханаларды ғылыми фантастика жанрындағы кітаптармен қамтамасыз ету де маңызды.

«Біз кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын қайта қарастырып жатырмыз. Оларды педагогикалық кадрлар санатына енгізу бойынша бастаманы көтердік. Кітапхана заманауи жабдықталып, бала үшін ыңғайлы әрі қызықты болуы керек. Оқушы онда кітап оқумен қатар нетворкинг немесе шығармашылық даму дағдыларын игере алуы қажет. Бүгінгі таңда көптеген мектеп кітапханаларының жұмыс форматы ешқандай сын көтермейді», - деп сынады кітапханалардың жабдықталуын.

Қазіргі жастардың көбі ақпаратты цифрлық технологиялар арқылы пайдаланатынын ескере отырып, министрлік алдағы уақытта кітапханаларды цифрландыруды жоспарлап отыр.

«Осыған байланысты, көркем әдебиеттің электронды нұсқаларын интернет және мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді ету қажет. Мұндай жобалар қазірдің өзінде бар. Олардың авторларымен бірігіп жұмыс істемекпіз. Сондай-ақ, біз геймификация элементтерін қолдануды жоспарлап отырмыз», - деп тоқталды.

Министр атап өткен міндеттерді шешу тек мектептердің ғана емес, сонымен қатар ата-аналардың да уақытын және күш-жігерін талап етеді. Сондықтан Білім және ғылым министрі бұл жұмыс ата-аналар тарапынан қолдау табады деп үміттенеді.

«Оқу – біздің балаларымыздың білімін, тәрбиесін және мәдениетін арттырудың маңызды факторы. Біріміз кітапты ой-өрісті кеңейту үшін оқысақ, біріміз – жұмыс барысында ақпарат іздеп оқимыз. Арамызда кітап оқып, демалатындар да бар. Қандай себеп болмасын, оқу сауаттылығы дағдысын дамыту маңызды. Оқу ой-өрістің кеңеюіне, жан-жақты дамуға, ойлау қабілетін жетілдіруге, шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойға сіңіруге көмектеседі, жалпы, адамды тәрбиелейді және рухани байытады», - деп кеңес берді.

Министр кітап оқуға бала кезден баулу керегін айтады. Айтуынша, адамның әдебиетке деген махаббаты сол балалық шақтан басталады.