Қостанай облысында қызметтік иттердің көмегімен 474 қылмыс ашылды
Иттер ізді, жарылғыш және есірткі заттарын іздеуге үйретілген
Бүгінгі таңда Қостанай облысы Полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында түрлі бағыт бойынша 28 қызметтік ит бар. 12 кинолог жұмыс істейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жалпы, облыс бойынша полицияда 71 ит бар. Олардың барлығы адамның иіс ізі бойынша, жарылғыш заттарды, сондай-ақ есірткі заттарын іздеуге үйретілген. Сонымен қатар, олар одорологиялық сәйкестендіруге мүмкіндік береді (иістерді зерттеу).
«Қызметтік иттердің жұмысы жоғалған адамдарды табуға ғана емес. Олар сонымен қатар қылмыстарды ізін суытпай ашуға көмектеседі. Мысалы, 2020 жылдың 10 айында қызметтік иттердің көмегімен 474 қылмыс ашылды», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Жалпы, Қостанай облысы ПД кинологиялық қызметінің мамандары қызметтік иттермен 5489 зерттеуді жүзеге асырды, оның ішінде 210 есірткі қылмысы желісі бойынша, 2446 із бойынша, 79 жарылғыш заттарды іздеу бойынша, УҰИ қорғау бойынша - 2736 зерттеу жүргізілген.
Криминалдық полиция желісі бойынша 402 факт және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл желісі бойынша 54 факт ашылды.