Гонконгтағы қазақстандық студенттер елге оралуға мәжбүр – СІМ

Автор: Azattyq Rýhy

Ел азаматтарының қауіпсіздігіне алаңдаған қазақстандық водомство қазіргі таңда осы қалада оқып жатқан 118 студентті елге қайтарыпты

© REUTERS, Thomas Peter

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров баспасөз отырысында Қытайдағы жастарға елге қайтуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Гонконгтағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты бірқатар жоғары оқу орындарында, оның ішінде қазақстандық студенттер оқитын университеттерде екінші семестрге, яғни 2020 жылдың қаңтарына дейін сабақтарды тоқтату немесе қашықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі Гонконгте оқып жатқан барлық студенттерге Қазақстанға оралуды ұсынады. Сонымен қатар, ҚР азаматтарын қауіпсіздік жағдайы тұрақтанғанша Гонконгқа аса қажеті болмаса, бармай-ақ қоюға шақырады», – деді, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек СМАДИЯРОВ.

Маусым айынан бері жаппай наразылық шерулері жүріп жатқан Гонконг қаласында полиция бүгінде 3,6 мыңнан астам адамды ұстаған. Митинг кезінде 1 жарым мың адам жарақат алып, 400-ден астам полиция қызметкері зардап шеккен.

Ел азаматтарының қауіпсіздігіне алаңдаған қазақстандық водомство қазіргі таңда осы қалада оқып жатқан 118 студентті елге қайтарыпты. Алдағы күндері тағы 40-қа жуық қазақстандық жасты қайтаруды жоспарлап отыр.  

«Гонконгта болуға мәжбүр адамдардан барлық қажетті сақтық шараларын қабылдауларын сұраймыз. Ақпаратты БАҚ-та және Гонконгтағы Қазақстанның бас консулдығының ресми сайтынан көруге болады. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елге уақытылы оралуы мақсатында Air Astana компаниясымен ерте сатып алынған билеттерге ұшу күнін айыппұл мен баға айырмасын төлемей-ақ өзгерту мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізілді. Өйткені, студенттердің көбі желтоқсанның соңына, демалыс басталар уақытқа билет алып қойған. Қазақстанның бас консулдығы Гонконгтағы қазақстандық студенттер қауымдастығымен бірлесіп студенттерді әуежайға дейін жинау және тасымалдауды ұйымдастырды», - деп хабарлады ресми өкіл.