Адвокаттар аталған істе құқық бұзушылықтардың бар екенін айтады
Қытайдың 13 азаматын соққыға жықты деп айыпталып жатқан Алматы облысының 5 тұрғынына қатысты жүргізілген тергеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгін күдіктілердің адвокаттары брифинг ұйымдастырып, істің мән-жайы туралы айтты деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
5 жігіттің туыстары мен қорғаушылары тағылған айыппен мүлдем келіспейтіндерін айтып отыр. Бұған дейін зардап шеккен қытайлықтар саны 42 деп көрсетілсе, қазір олар 13-ке қысқарған. Дегенмен, барлығы да жарақаттарынан айығып, өз еліне қайтып кеткен. 13-тің 10-ы Қазақстанға заңсыз кіргенін де айта кету керек.
Полицияға арыз жазғанымен, қытайлықтардың ешбірі жауап беруге келмеген. Сотта олардың құқығын кімнің қорғайтыны белгісіз. Ал, бес жігіт жеке-жеке қорғаушы алмапты.
«Осы іске қорғаушы ретінде қатысып жатырмын. Бүгінгі таңда болып жатқан заңсыздықты айтуға мәжбүрмін. Бұл әрекеттер орта дәрежеге жататын қылмыс. Оқиға 8 қазан күні болды, 10 қазанда Ақсу аудандық соты оларды екі айға қамау туралы үкім шығарды. Негізі, бұл ауыр айып емес. Алайда, оларды ауыр қылмыс бабымен айыптап отыр. Қазір қарсы арыз бен өтініш хаттар түсіріп жатырмыз. Тергеу аяқталып қалды. Бәлкім келесі аптада іс сотқа жіберіледі. Бүгінгі таңда оларға 2 жергілікті полиция қызметкері қарсы куәгер боп отыр. Қарама қайшылықтар бұл жерде де көп. Олар тергеуді тез аяқтағысы келеді», - деді 5 жігітті қорғап жүрген екі адвокаттың бірі Төлеген Берліқожанов.
Баспасөз мәжілісіне заңгерлерден бөлек қоғамдық ұйым өкілдері мен күдіктілердің туыстары да келді. Олар тергеуде асыра сілтеу бар дейді. Мәселен, бір қазақ жігітін жабылып ұрған ҚХР азаматтарына қатысты тек әкімшілік іс қозғалыпты. Ал, діл осындай төбелесте қытайлықтарды ұрған қазақ жігіттерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Атап айтқанда, ҚР ҚК 293-бабының 3-тармағы (бұзақылық), 106-баптың 2-тармағы (ауыр дене жарақатын салу) және 107-баптың 2-бөлімі (орташа ауыр дене жарақатын салу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Заңгерлердің айтуынша, сот әу баста кепіл қойылса, қамаудағыларды уақытша бостандыққа шығаруға мүмкіндік бар деген. Алайда, оған тергеушілер салғырттық танытып отырған көрінеді. Кепілге қойылатын мүліктердің құжаттары тергеушінің сейфінінен сотқа жетпеген.
«Мен – қамаудағы Берікбол Ырысалдиновтың інісімін. Кепілге әр қайсысы 5,5 миллион теңге немесе соған пара-пар мүлік керек деген. Біз, ағайындары, ел болып жабылып кепіл затын таптық. Ағайынды Салқан мен Еркін Сарқыттар, Бейбіт пен Нұрбол Мұхамедәлиндер үшін де кепілге қоятын баспана бар. Бірақ, оны қабылдамай отыр», - дейді күдіктінің туысы Азамат Ырысалдинов.
Еске салайық, Алматы облысында жол салып жатқан қытайлық «CITIC Construction Co LTD» компаниясының базасында 7 қазан күні қазақ-қытай жұмысшылары төбелескен болатын. Адвокат Төлеген Берліқожанов болса аталған оқиғадан саяси астар іздеудің қажеті жоқ дейді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы