«Дәрігерлер КВИ-ден қайтыс болғандардың органдарын ұрлап жатыр». Ақпарат рас па?

Автор: Azattyq Rýhy

StopFake ақпараттың рас-өтірігіне қатысты жауап берді

Скриншот: видео

Әлеуметтік желіде дәрігерлер жасырын түрде коронавирустан қайтыс болған кейбір адамдардың органдарын алған деп айтқан видеоролик тарады. Ролик авторы көрермендерді осындай келеңсіздіктерді тоқтату үшін «бірігуге» шақырған.

StopFake.kz порталының хабарлауынша, шын мәнінде, КВИ-дан қайтыс болған пациенттердің ішкі органдарын ұрлағаннан пайда жоқ. Өйткені, олар трансплантациялауға жарамсыз.

Одан бөлек, Қазақстанда донордың өзінің немесе оның туыстарының тірі кезінде берілген келісімінсіз ішкі органдарын алу заңға қайшы болып саналады. Қазақстанда ағза доноры болу «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекспен» реттеледі. Құжатта «тірі кезінде індетті жұқтырған донордан немесе өлген донордан ағзалар мен тіндерді реципиентке трансплантациялау үшін алуға тыйым салынады» делінген.

Сондай-ақ, Қазақстанда дәрігерлер адамның донорлыққа келісімі немесе келіспеуі туралы хабардар еткенге дейін миы өлген пациенттен ағзаларды немесе тіндерді ала алмайды. Оны ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстарының бірі жасай алады. Сонымен қатар, қазақстандықтар өлгеннен кейін донор болуға келіспейтінін тірі кезінде рәсімдей алады.