Шымкентте 50 мың адамға қызмет көрсететін емхананың жылдық шығыны 1 млрд теңге. Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, бюджеттен бірдей қаржы алғанмен, қаладағы жекеменшік емханалардың табысы да, қызмет көрсету сапасы да мемлекеттік емханалардан жоғары
Шымкент қаласында мемлекеттік емханалармен бірдей қаржы алып отырған жекеменшік мекемелердің жылдық табысы 200-250 миллион теңгеге жетеді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр емханада менеджмент дұрыс жүргізілсе, мұндай көлемде табыс табу әбден мүмкін екенін айтады. Жақында қала әкімдігі осы мәселеге байланысты шаһардағы жекеменшік медициналық мекеме басшыларын жиып, арнайы сөйлесіпті.
«Қаладағы жекеменшік емханалардың біріне барып көрдім. Олардан қалай жұмыс істеп жатқанын сұрадым. Олар емхананы өз қаржысына салып шыққан, мемлекеттен бір тиын да алмаған. Бас-аяғы 20 мың халыққа қызмет көрсетіп отыр. Мемлекеттік емханалар қанша қаржы алса, олар да сонша қаржы алады. Бірақ, жекеменшік емхана табысын да тауып, пайдасын да көріп отыр. Орнатқан құрал-жабдықтарының бәрі жаңа. Ішкі дизайны, көрсетілетін қызмет сапасы.... Мемлекеттік емханалармен салыстыруға келмейді. Олардан «Егер әкімдік жер берсе, басқа да емхана саласыңдар ма?» деп сұрадым. Егер жер беріп, олардың қызметіне жүгінетін халық болса, қызмет жасай береміз деп отыр», - дейді қала әкімінің орынбасары.
Қала басшылығы «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы шаһарда салынатын емханалардың жер мәселесін шешіп береміз отыр. Тіпті, құрылыс жұмыстарына қаржы салатын инвесторға 15 пайызға дейін ақшалай көмек беруге дайын. Қалған 20-25 пайыз ақшаны кәсіпкердің өзі салып, жетпеген қаражатты кредит есебінен шешуге болады екен.
«Егер кредит алатын болса, бізде «қарапайым заттар» экономикасы бойынша 600 миллиард қаржы бөлінген. Банктердің бәріне берілген, қазір ақша сонда жатыр. Ол қаражатты осы денсаулық сақтау саласының құрылысына, материалдық техникалық базасын нығайтуға қолдана аламыз. Несие 7 пайызбен беріледі және 2 жылға дейін кредитттің көлеміне қарай жеңілдік болады. Мұны мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен қаладағы банк басшыларын жинап анықтадым. Осыны инвесторларға айтқан кезде, қызығушылық таныта бастады. Бірақ, біздің инвесторларға қойып отырған талабымыз бар, жобалар қазіргі еуропалық талаптарға сай, дизайны мегаполистің архитектуралық келбетін бұзбайтындай болу керек. Тіпті, ішінде қандай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетінін де көрсетіп жатырмыз», - деді Ербол Садыр.
Алдын-ала жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша, 500 орындық емхана кеткен шығынды 2 жылдан кейін ақтай бастайды екен. Осы орайда, жауаптылар қаладағы 25 орындық амбулатория мен 10 мың, 20 мың, 30 мың орындық емханалардың қандай шығысы, қандай кірісі болатынын анықтап, есебін шығарған. Сондай-ақ қазір Шымкенттің медицина саласына қаржы салғысы келетін инвесторларға 11 жоба дайындап отыр екен.
«Мәселен, 9 емханада қосымша 3 дәрігерлік амбулатория бар, 14 емхана бойынша 2 амбулатория бар, 12 емхана бойынша 6 дәрігерлік амбулатория бар. Яғни, 22 жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүргізуге болады. Бірақ, бұл жерде бұған дейінгі қабылданып келген мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктен айырмашылығы, құрылысқа кететін шығынды қайтаруға байланысты ешқандай міндеттеме жоқ. ӘКК арқылы берілетін 15 пайыздың өзі қайтарымды түрде», - дейді ол.
Шымкенттің медицина саласындағы тағы бір өзекті мәселе - құрал-жабдықтардың заман талабына сай келмеуі, ерте тозуы. Ербол Садырдың айтуынша, қала әкімдігі бұл мәселені шешу жолдарын да қарастырып отыр.
«Мысалы, компьютерлік томографияға түсу үшін жекеменшік мекемелерге барамыз. Өйткені, мемлекеттік мекемелердегі құрылғылар ескі дейміз. Иә, ол жақта расымен де құрылғылар ескірген. Сол компьютерлік томографияның құны 500 - 800 млн теңге аралығын. Оны жекеменшік алып, бір жерден орын тауып, оған жарнама жасап, тұтынушы іздеп, жұмсаған ақшасын өтей алмай жатады. Сол инвесторларға біздің ауруханалардың ішінен бөлме берейік те. Ақыры өзі инвестициясын салып, аппаратын қойып жатыр. Сөйтіп сырттан келген адамдарға ақылы қызмет көрсетсін. Қалған ауруханада жатқан науқастарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша бекітілген баға қойылсын. Оны да ұсындық, инвестор тарапынан қызығушылық бар», - дейді Ербол Садыр.
Қала әкімдігінің ұсынысы қазірден бастап инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр екен.
«Өткенде «Орхан медикал» деген түрік компаниясы келді. Қала әкімімен меморандумға қол қойды. Олар жаңа құрылғыға кететін шығынды өз қалтасынан шығарады. ПТКТ деген үлкен құрылғы қоймақшы. Кеткен шығынды халыққа көрсеткен қызметі есебінен-ақ қайтарып алмақшы. Түрік компаниясы жер мәселесін шешіп берсеңіздер, сол құрылғының жанынан үлкен емхана салайық дейді. Кемінде 30-40 мың адамға қызмет көрсетпекші. Бәрі компанияның өз қаржысы есебінен. Біз келістік. Бірақ бір талап қойдық, емхананы 1 жылдың ішінде салып бітіресіздер дедік. Өйткені, инвесторлар көп жағдайда әу бастағы жоспарынан тайқып кетіп жатады. Біз жер береміз. Сосын «Қаржым болмай қалды, анау болды, мынау болды» деген сылтаулар айтады. Сол үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы бірлесіп жұмыс істемекпіз. Сонда әкімшілікте жер бойынша да құқығы болады. Жобаны жүзеге асыру үшін өз тарапымыздан қаржы да береміз. Өйткені, қаржыландыру жүйесінде де біздің құзыретіміз болады. Содан кейін ғана әкімшілік оларға нақты талаптар қоя алады», - дейді Ербол Садыр.
Арай Есенбек, Шымкент