Ақтөбеде заң бұзған 17 азамат қоғамдық жұмысқа тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері 60 сотталушы қоғамдық жұмыстарды орындап келгендіктен, есептен шығарылған

 

Есiрткi, психотроптық заттарды қолдану, суық қаруды заңсыз алып жүру немесе өткізу, мас күйінде көлік жүргізу сияқты заңбұзушылықтар жасаған азаматтар ҚР Қылмыстық кодексінің баптарында көзделген дала жұмыстарына тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған құқықбұзушылықтарға барған азаматтар Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Астана аудандық пробация қызметіне есепке алынғандар. Жалпы, жыл басынан бері құқықбұзушылық жасаған Астана аудандық пробация қызметінде есепте тұрған 60 сотталушы пробация инспекторларының бақылауымен қоғамдық жұмыстарды орындап келгендіктен, олардың барлығы да есептен шығарылған.

«Күні бүгін Астана аудандық пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандардың 17-іне жергілікті әкімдік жұмыс белгілеп берген, олар жазасын ағаш кесу, аудандарды көгалдандыру секілді қоғамдық жұмыстармен өтеп келеді. Біз олардың жұмысын жергілікті әкімдікпен бірге қадағалап тұрамыз.

Дегенмен, қоғамдық жұмысқа тартылған пробация есебінде тұрған сотталғандар арасында бұрынғы жасаған қылмыстары әшкере болғандары да бар. Ондай кезде сот шешімімен олардың жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылатындықтан, қоғамдық жұмысты орындау жазасы кейінге шегеріледі. Бірақ біз ондай азаматтардың жаза өтейтін мекемесімен байланысып, бостандыққа шығатын уақыты туралы ақпарат жинап, үнемі бақылауда ұстап отырамыз. Сондықтан ондай сотталған азаматтар неше жылдан кейін түзеу орнынан шықса да, қоғамдық жұмыстарға бәрібір тартылатын болады. Сондай-ақ, мүгедектігіне байланысты ем қабылдап немесе жүкті болған азаматтар мен азаматшалар да уақыты келгенде дала жұмыстарын жасайды», – дейді Астана аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Жұмагүл Ешниязова.