Тегін курстар ашылған сәттен бастап оларға 57 мың өтінім берілген
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Coursera ірі білім беру платформасымен тегін білім беру курстарынан өтуге өтінімдерді қабылдау мерзімін 31 қазаннан 14 желтоқсанға дейін және оқу мерзімін 31 желтоқсаннан 2021 жылғы 15 ақпанға дейін ұзарту туралы уағдаласты.
Әлемдегі ең танымал Coursera онлайн-оқыту платформасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп қазақстандықтар үшін тегін онлайн-білім берудің ауқымды жобасын іске асыруда. Жоба 31 қазанға дейінгі мерзімге есептелген, алайда жобаны ұйымдастырушылар арасында курстарға тіркелу мерзімін 2020 жылғы 14 желтоқсанға дейін және оқу мерзімін 2021 жылғы 15 ақпанға дейін өтеусіз негізде ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
«Дағдыларды арттыру мақсатында тегін курстар ашылған сәттен бастап оларға 57 мың өтінім берілген, оның ішінде 24 мыңнан астам қатысушы оқытудан өтіп жатыр»,- делінген ақпаратта.
Оқытудың ең танымал бағыттарының ішінде ІТ-технологиялар, бизнес курстары, тілдерді оқыту, жеке және мәдени даму, өнер, әлеуметтік ғылымдар бар.
«Қазақстандық білім алушылар арасындағы Топ 5 курс – «Teach English Now! Technology Enriched Teaching», «Programming for Everybody», «Business English: Basics», «Python-ға ену», «Жобалар мен өнімдермен жұмыс жасаудағы Agile және Scrum», - делінген ведомство хабарламасында.
IT курстарының ішінде Python, бағдарламалау негіздері, Adobe Photoshop, HTML және CCS, Android, Big Data негіздері үлкен қызығушылық тудырды.
Ағылшын тілін үйрену барысында азаматтар оқыту әдістемелерін, сөйлеу және іскерлік тілді меңгеру дағдыларын арттыруды, сондай-ақ грамматиканы жетілдіруді қалайды.
«Сонымен қатар, қазақстандықтар корей тілін, жобалық менеджментті, SMM-ді, интернет-кәсіпкерлікті, суретке түсіру негіздерін, сөйлеу этикетін және басқа да танымдық курстарды оқуға үлкен қызығушылық танытты», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Coursera білім беру платформасы әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінен (GOOGLE, IBM, Facebook, Stanford University, Yale University, Johns Hopkins University, Princeton University және т.б.) 4 мыңнан астам тегін курстан өтуге бірегей мүмкіндік береді.
Курстарды сәтті аяқтағаннан кейін білім алушылар сертификат алады.
Осы жылдың 14 желтоқсанына дейін https://www.enbek.kz/ru/free-coursera Электрондық еңбек биржасы арқылы өтінім бергендер және www.coursera.org платформасында тіркелгенін растағандар Coursera алаңында 2021 жылдың 15 ақпанына дейін тегін оқыту курстарына қол жеткізе алады.