Олар 33 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген
Жамбыл облысында карантиндік тәртіпті бұзғаны үшін 270 адам жазаланды. Олар 33 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Қомақты айыппұл той тойлайтындарға тосқауыл болмай тұр. Мейрамханалар есікті құлыптап қойып, дүркіретіп той жасауды жалғастырып жатыр. Полицейлер рейд кезінде 500 адам келген тойдың үстінен түсті. Қазір аймақта 50 мониторингтік топ құрылып, бақылау жұмыстарын күнделікті жүргізеді. Өңірде соңғы 4 айда 4700-ден астам түрлі ойын-сауық орталықтары, дәмхана, тойхана сияқты нысандар тексерілген.
«Барлық материалдар облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді. Жүздеген адамға 83340 теңгеден айыппұл салынып, әкімшілік жауапқа тартылды. Ал шағын және орта, сондай-ақ ірі кәсіпкерлік нысандарына 638 мыңнан 4,5 миллион теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Той бәрібір жасалып жатыр», - дейді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Манас Әбдікәрімов.