Бас санитар елордадағы кинотеатрлардың не себепті ашылмағанын түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

ВАК шешімі бойынша 26 қазаннан бастап Қазақстанда кинотеатрлар жұмысын қайта бастауы тиіс болатын

Көрнекі фото: vestitambov.ru

Жақында ведомствоаралық комиссия шешімімен 26 қазаннан бастап Қазақстандағы кинотеатрлардың ашылатыны белгілі болды. Бүгін қазанның 26-сы, бірақ Нұр-Сұлтан қаласындағы кинотеатрлар әлі жұмысын бастамады. Оның себебін қалалық бас санитар дәрігер Жанна Пірәлиева tengrinews.kz сайтына берген жауабында түсіндірді.

«Нұр-Сұлтанда ашылмайды. Мен кинотеатрларға қатысты осыған дейін де айтқан болатынмын. Егер ашылатын болса, ол тек қаулы негізінде ашылады», - деді Пірәлиева.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда өткен аптадағы коронавирус көрсеткіші алдыңғы аптамен салыстырғанда біршама өскен. 

«Көбіне мектеп жасындағы балалар мен ересектер ауырып жатыр. Сондықтан кинотеатрлар әзірше жұмыс істемейді. Осымен оныншы күн жасыл аймақтамыз, бірақ соңғы төрт күнде көрсеткіш өсіп жатыр жатыр. Егер 14 күн ішінде біз жасыл аймақта болсақ, сол кезде ғана босаңсуға болады. Бүгін тек 10-шы күн. Босаңсу жайлы әлі айта алмаймыз», - деді бас санитар дәрігер.