$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.10.2020, 23:38
Қоғам

Соғыста қаза тапқан жауынгерлер сүйегі Украинадан елге жеткізілді

Майданда қаза тапқан үш қазақстандықтың есімдері белгілі болды

Соғыста қаза тапқан жауынгерлер сүйегі Украинадан елге жеткізілді

Іздеу тобының жұмыстары нәтижесінде Ұлы Отан соғысы майданында қаза тапқан үш қазақстандықтың есімдері белгілі болды.

Украинадағы «Вертикаль» мамандандырылған бірлестігі Ұлы Отан соғысы жылдарында Украина аумағында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер: Қайыржан Тікшекеев, Сеид Тойнашев және Өксікбай Базарбаевтың сүйектерін тапты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы күштердің әскери-тарихи мұражайында Қайыржан Тікшекеевтің сүйегін туыстарына тапсыру рәсімі өтті.

«Алтыбұрышты медальонға салынған қағаз төсеніш жауынгердің жеке басын анықтауға мүмкіндік берді. Қайыржан Тікшекеев 1916 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында дүниеге келген. Сол жерден ол майданға аттанып, 1941 жылы Киевті қорғау кезінде қайтыс болды», - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Барлық әскери рәсімдерді сақтай отырып, мәйіттер жауынгердің немересіне қайта жерлеу үшін берілді.

«Украин халқына, «Вертикаль» іздеушілеріне, біздің елшілік пен Қорғаныс министрлігіне пандемияға қарамастан атамның сүйектерін жеткізгені үшін алғысымды білдіргім келеді. Жақында біз туған жерімізге барып, барлық рәсімдерді сақтай отырып, қайта жерлейміз. Маған әлеуметтік желіде хабарласып, атамның соңғы рет шайқасқа қатысқан Киев облысы Макаров ауданының Боровка ауылында табылғанын хабарлады», - деді қазақстандық жауынгердің немересі Марат Тікшекеев.

Соғыста қаза тапқан жауынгер Сейд Тойнашев 1922 жылы дүниеге келген. Жауынгер Маңғыстау облысында қайта жерленеді.

Қазіргі уақытта Украина тарапынан 1913 жылы туған гвардия атқыштар взводының командирі лейтенант Өксікбай Базарбаевтың сүйектерін тапсыруда көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстандық іздеушілердің іздеу-экспедициялық және мұрағаттық қызметі шетелдік әріптестермен тығыз ынтымақтастықта жүргізіледі. Ол сұрапыл соғыста қаза тауып, хабарсыз кеткендердің есімін мәңгі есте сақтауда бірігуге сеп болуда.

Серіктес жаңалықтары