Нұр-Сұлтанда жаңа үй тұрғындары жылусыз отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындар пәтер жалдап қана қоймай, әлі кірмеген үйінің коммуналдық қызметін төлеуге мәжбүр болуда

Елордадағы жаңа үйлердің бірінде тағы да шу шықты. Ілияс Омаров көшесіндегі кешен тұрғындары күннің суығында жылу толық берілмегенін айтып шағымданды. Үй иелері екі апта бұрын осы мәселемен тілшілерге хабарласқанда, құзырлы мекемелер мәселенің бір жұмада толық шешілетінін айтқан болатын, деп хабарлайды 24.kz.

Ілияс Омаров көшесіндегі 23-ші үй қазандыққа қосылса да, жылу әлі толық берілмеген. Бір бөлмедегі батарея ыстық, ал екіншісінде суық. Кей пәтерлерде тіпті құбыр жарылып, бөлменің бәрін су басқан.

«Мынау міне балалардың жатын бөлмесі. Ертең қыста салқын болғанда қалай тұратынымызды мен білмеймін. Қазір енді грипп болып жатыр бүкіл жерде. Балалар ауырып қалады деген қауп бар. Ол жөнінде айтып жүргенімізге екі жұмадай болды. Бізге отоплениені жөндеп беріңіздер деп. Өкінішке орай, өздеріңіз көріп отырсыздар міне жылу әлі жоқ», - дейді қала тұрғыны Сымбат Қалиасқаров. 

Жылу жүйесіндегі шикіліктерді мамандар арнайы сораптың жоқтығымен түсіндіріп отыр.

Ал қалалық құрылыс басқармасының басшысы жылуға қатысты барлық олқылықтар жойылғанын айтып ақталды. Ал жекелеген пәтерлерде батареялар дұрыс істемесе, кезекші топқа хабарласуға кеңес берді. Аталған мәселелер тек «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған үйдің төңірегінде туындап отырғанын айта кетейік. Жеке құрылыс компаниялары тұрғызған көрші кешендерде мұндай проблема жоқ.

«Иә, кейбір пәтерлердің батареясында ақаулар болды. Мердігер жылуға қатысты қосымша жұмыстардан бас тартып отырған жоқ. Үйдің аумағында кезекші топ бар. Онда электрик пен ұста қызмет етеді. Әзірге тұрғындардан жылуға қатысты ешқандай өтініш түспеді», - деді қалалық құрылыс басқармасының басшысы Самат Сәрсенғалиев.

Су жайылған үйлерді мердігер қарашаның ортасына дейін жөндеп беруге міндеттеледі. Енді тұрғындар жалдамалы пәтер аралап, ипотека мен әлі кірмеген үйдің коммуналдық қызметін қатар төлеуге мәжбүр. Бұған жағдайы жетпегендер жаңа, бірақ суық пәтерлеріне көшіп, жылу жүйесінің жөнделгенін күтеді. Ендігі үміт Үкімет пен қалалық әкімдікте. Себебі тұрғындар барлық мәселелерін жинақтап, шағым хатты жолдадық деп отыр. Қыс болса қыр астында.