Қазақстандықтардың дені қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісім бермеген
Енді бұл мәселе бойынша электронды жүйеде жауап беруге болады
Электронды порталда қайтыс болғаннан кейін донорлыққа келісім беру немесе одан бас тарту қызметі іске қосылды. Бұл жүйенің электронды форматқа ауысқанына 2 күн ғана болды. 500-ден астам адам донор болуға қатысты жауабын беріп үлгерді, деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
«Бұл жүйе алдыңғы күні іске қосылды. Бұрын қағаз жүзінде жауап беру мүмкіндігі барда тек 300-ден астам адам жауап берген, оның 6-ы ғана келісім берген, қалғаны донор болуға келіспеген. Электронды жүйе енгізілген екі күн ішінде 500-ден астам адам жауап берді: оның 60-ы органын донорлыққа беруге келіскен, 400-ден астамы «жоқ» деп жауап берген», - деді Бағдат Мусин.
Айта кетерлігі, донорлыққа келісім беру немесе одан бас тартуды (транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін оның тіндерін (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзалардың бөлігін) алу мүмкіндігі туралы көзі тірісінде ерікті түрде қайырымдылыққа келісім беру немесе қайтарып алуды тіркеу») онлайн форматта жүзеге асыруға болады.
Сондай-ақ, адамның қайтыс болуы туралы анықтаманы алу, оны мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама да электронды түрде келеді. Бұрын анықтама алу үшін ХҚКО-ға бару қажет болатын. Яғни, пандемия жағдайында қаза тапқан жандардың қайтыс болу туралы куәлігін алу автоматтандырылды.
«Президент пандемия кезінде мәйітхана төңірегінде қаза тапқан туыстарының денесін алу үшін адамдардың топтасу мәселесін шешуді тапсырды. Әрине, жақынынан айырылған адамдар үшін бұл реніш тудыратын жағдай. Бұл мәселені біз 2 ай бойы сараптап, толыққанды қарап шықтық. Бір мекемеден құжаттарды екінші мекемеге тасып жүрмес үшін пилоттық жобаны Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында іске қостық. 1 айда басқа аймақтарда да қосылады. Барлық аурухана, мәйітханалардың басын біріктіріп, бұл процесс автоматтандырылады», - деді министр.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан