Қазақстанда қандай азаматтарға бала асырап алуға рұқсат етілмейді – БҒМ жауабы

Автор: Azattyq Rýhy

2021 жылдан бастап Қазақстанда баласы жоқ отбасыларды қолдау үшін арнайы бағдарлама қабылданады

Көрнекі фото: smolensk-i.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жолдауында Үкіметке «2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» атты арнайы бағдарлама бастауды және жасанды жолмен бала көтеру бағдарламасындағы квота санын жеті мыңға (бір жылдық – авт.) дейін көбейтуді тапсырамын. Яғни, квота саны қазіргіден жеті есеге артады» деген болатын.

Осыған орай Azattyq Rýhy тілшісі Білім және ғылым министрлігіне сауал жолдап, Қазақстандағы жетімдер үйі мен бала асырап алу талаптары, бала асырап алған ата-аналарға берілетін қаржылай көмек туралы білген еді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЛАЛАР ҮЙІ

Бүгінде Қазақстан бойынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 101 ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде денсаулық сақтау жүйесіне қарасты – 20, халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне қарасты – 18, білім беру жүйесіне қарасты 63 ұйым бар. 2020 жылы республика бойынша толықтай жабылған балалар үйі жоқ, бірақ алты балалар үйі мен мектеп-интернаты өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы болып қайта құрылған.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың мәліметінше, дамуы шектелген балаларға арналған 7 мектеп-интернатта жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 523 бала тәрбиеленіп жатыр. Сондай-ақ қазақстандық азаматтардың отбасында 2 мыңға жуық бала патронаттық тәрбиеде жүр.

Балалар үйі ең көп өңір – ШҚО (13 балалар үйі бар), ал ең азы Атырау және Батыс Қазақстан облысында (2 ұйымнан).

БАЛА АСЫРАП АЛУ ПРОЦЕДУРАСЫ

БҒМ мәліметінше, бүгінгі күні жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ балаларды отбасына қабылдауға тілек білдірген адамдар бойынша республикалық деректер қорында 3 мыңнан астам кандидат тіркелген.

Қазақстандық азамат бала асырап алу үшін ерлі-зайыпты болудан бөлек, тұрғын үйі мен тұрақты табысы болуы міндетті.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің қабылдануымен қазақстандық азаматтардың асырап алу рәсімі жеңілдетілді. Баланы асырап алуға тілек білдірген адам тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға өтініш береді. Онда: жеке басын куәландыратын құжаттарды, отбасы жағдайы туралы, денсаулық жағдайы, сотталмағаны туралы анықтаманы, жақын туыстарының келісімін, тұрғын үйінің болуы және жалақысы туралы анықтаманы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды (баланың жақын туыстарын қоспағанда) отбасына тәрбиелеуге, қабылдауға тілек білдірген адамдардың даярлықтан өткені жөніндегі сертификатты ұсынады. Азамат бала асырап алуға үміткер деп танылғаннан кейін, оған баланы таңдап, баламен жақын танысу үшін қарым-қатынас жасауға екі апта уақыт беріледі. Содан кейін ғана құжаттарды сотқа дайындауға міндетті. Бала асырап алу туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды», - деп атап өтті Бибігүл Асылова.

Кодекстің 91-бабына сәйкес, бала асырап алушы адамның отбасында баланың қалыпты дене бітімі, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуы, тәрбиеленуi мен бiлiм алуы үшiн жағдай болған кезде бала асырап алуға рұқсат етiледi.

КІМДЕР БАЛА АСЫРАП АЛА АЛМАЙДЫ?

  • 1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдар;
  • 2) сот біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыптылар;
  • 3) сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдар;
  • 4) өзiне Қазақстан Республикасының заңдарында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдар;
  • 5) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшiн жойса, бұрынғы бала асырап алушылар;
  • 6) денсаулық жағдайына байланысты ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулар болған кезде (олардың тiзбесiн денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгiлейдi);
  • 7) тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар;
  • 8) дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдар;
  • 9) бала асырап алу кезінде қасақана қылмыс жасағаны үшін соттылығы өтелмеген немесе алынбаған адамдар;
  • 10) азаматтығы жоқ адамдар;
  • 11) анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдар;
  • 12) асырап алған кезде асырап алынған баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдар;
  • 13) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдар.

Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты болмаған) адамдар да баланы бiрлесiп асырап ала алмайды.

БАЛА АСЫРАП АЛҒАН АТА-АНАЛАРҒА АЙ САЙЫН ҚАНША АҚША ТӨЛЕНЕДІ?

Баланы патронат отбасына, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), асырап алушы отбасына орналастыру кезінде оны күтіп-бағуға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы, асырап алу кезінде әрбір балаға 75 АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдемақы есептеледі. Патронат тәрбиешілерге мектепке дейінгі жастағы бір бала үшін – 9 АЕК, ал мектеп жасындағы бір бала үшін – 10 АЕК мөлшерінде ай сайын ақшалай қаражат және әрбір қабылдаушы ата-анаға 58 мың теңгеден бастап жалақы төленеді.

АСЫРАП АЛҒАН БАЛАНЫ МЕМЛЕКЕТ АРЫ ҚАРАЙ ҚАЛАЙ БАҚЫЛАЙДЫ?

Асырап алынған балалар жергілікті қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың тұрақты бақылауында болады. Сондай-ақ кодекске сәйкес, асырап алушылар бала он сегіз жасқа толғанға дейін жылына кемі бір рет (бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан жер бойынша) оның тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулығы туралы ақпарат ұсынуға міндетті.

Тұрақты түрде республикадан тыс жерде тұратын – бала асырап алушы Қазақстан азаматтары мен шетелдіктер ҚР балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, бала он сегіз жасқа толғанға дейін алғашқы үш жылда (әрбір алты ай сайын), кейінгі жылдары - жылына кемінде бір рет асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие және денсаулық жағдайы туралы ақпарат ұсынуға міндетті.

Асырап алынған баланың өмір сүру, оқу, тәрбие және денсаулық жағдайы туралы есепті ұсыну тәртібі мен мерзімін, нысанын Қазақстан балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан