Праймеризде Арқалықтан 117 ұсыныс келіп түскен
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Арқалық қаласында болып, жергілікті тұрғындармен партияның сайлауалды бағдарламасын талқылады. Оның айтуынша, «Nur Otan» тұңғыш рет әр өңір, қала мен аудан бойынша 216 сайлауалды бағдарламаның жобаларын әзірлеген.
5 жылдық бағдарламада көрнекі индикаторлар көрсетіліп, бюджеттің мүмкіндігімен сәйкестендірілген нақты басымдықтар реті көзделген. Сондай-ақ, азаматтардың талап-тілектері ескеріліп пысықталған.
«Сонымен, Арқалық қаласында партияішілік праймериз барысында 117 нақты ұсыныс түсті. Тұрғындарды аула алаңдарын абаттандыру мен көшелерді жарықтандыру, білім мен денсаулық сақтау нысандарын, жолдар мен инженерлік желілерді жөндеу секілді мәселелер толғандырады.
Партия филиалы басшылығының мәліметінше, осы мәселелердің барлығы бағдарламаларды пысықтау кезінде ескерілген. Сонымен бірге, бағдарламаның бірқатар бағыты қосымша пысықтауды қажет етеді деп санаймын.
Мысалы, қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – 13 елдімекенде ұялы байланыспен қамтамасыз ету және интернеттің жылдамдығын арттыру. Бұдан басқа, қала тұрғындары балалардың ойын алаңдары сапасының нашарлығына шағым айтып, ескі автобустарды ауыстыру мәселесін көтеруде», - деп жазды Б.Байбек өзінің Facebook-парақшасында.
Оның айтуынша, Торғай боксит кен басқармасының жабылуы жоспарлануына байланысты 500-дей адамды жұмыспен қамту қажет. Сайлауалды бағдарлама аясында бұл мәселе партиялық бақылауға алынады. Бұл ретте босатылатын адамдардың бір бөлігі қазіргі кезде басқа кәсіпорындарға жұмысқа орналасыпты. Сол кәсіпорындардың бірі – «Торғай Ет» ет өңдеу кешені. Мұнда 120-дай жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген өндіріс алаңын бар.
«Сапар барысында қаланы жылумен қамту жүйесін реконструкциялау жайымен де таныстым. Осының аясында Арқалық ЖЭЦ-і мазуттан көмірге көшірілмек. Бұл шара жыл сайын 2 миллиард теңгеге дейін бюджет қаражатын үнемдеп, оны қаланың басқа қажеттіліктеріне қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл жобаны 2021 жылы аяқтау міндеті «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, Бауыржан Байбек Арқалық аймақтық ауруханасының ұжымымен кездесіп, дәрігерлердің мұң-мұқтажын тыңдады.