БҚО-да малшы атылған оқ пен жарылған снарядтың астында мал бағып жүр
Кәсіпкер күндердің күнінде қаңғыған оқтың бірі тиіп, жазым қылар ма деп қауіптенеді
Батыс Қазақстан облысындағы әскери полигон жақын маңдағы шаруа қожалығының зәресін алып болды. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлайды.
Полигонмен қоңсы орналасқан кәсіпкердің сөзінше, жауынгерлер мылтық атқан сайын, малды тастай бас сауғалайды. Себебі қаңғыған оқ тиіп кете ме деп қорқады.
Археологтардың қазба жұмыстары кезіндегі олжасы тәрізді заттар - садақ жебесінің ұшы емес, кәдімгі әскери полигонда атылған оқтар. Осы маңдағы малшының балалары асық жинамайды, оқ жинап ойнайды. Олардың соңғы бірер күндегі олжасына уыс толады.
Кәсіпкер әскерилердің атқан оғы пен жарған снаряды зәремізді алып, жүйкемізді жұқартты деп отыр. Өйткені полигон мен қожалықтың арасы бар-жоғы, екі шақырымнан сәл асады. Күндердің күнінде қаңғыған оқтың бірі тиіп, жазым қылар ма екен деп қауіптенеді кәсіпкер.
«Таңертеңнен кешке дейін атады, кештен түнгі сағат 12-1-ге дейін атады, жарықты қосып қойып та атады. БТР, танкі сияқты әлденелер тарс-тұрс етіп, соғыс болып жатқандай әсер қалдырады. Солдаттарға «Оқ ұшпайды дейсіздер, оқ ұшпайтын болса, өз шекараларыңызға солдат қойып қойыңдар, сонда мен ештеңеден қорықпай, малымды жая берейін десем, олар «олай болмайды олар да біреудің баласы, оқ тиіп кеткен жағдайда не болады» деп шығады», – дейді кәсіпкер Ислам Досанов.
Ал әскерилердің өз уәжі бар. Олар полигон 25 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Шаруа қожалығы 7 жыл бұрын ғана құрылыпты. Соған қарамастан, стратегиялық маңызы бар нысан аумағының қауіпті екенін жоққа шығармайды.
«Малы өліп, өзі жараланып, үйі бұзылып жатса, онда жарайды. Заң тұрғысынан біз жауап береміз. «Ұлттық гвардия туралы заң» бойынша бұл жерде тұрғындарға жер берілмеуі керек. Өйткені, бұл - қауіпті! Әскери жаттығу алаңының радиусы - 3 километр. Ату нүктесінен 3 километр айналада ештеңе болмауы керек. Енді бар мәселені әкімге айтсын. Әкім 2012 жылы ол азаматқа қандай негізде жер берген сонда?», - дейді БҚО 5517 әскери бөлімінің өкілі Мэлс ДУЛТАБАЕВ.
Бұл сауалды Теректі ауданының әкімдігіне жолдадық. Ондағылар 7 жыл бұрынғы әкімнің жасаған жұмысына жауап бере алмайтындарын айтты. Мәселеден хабардар атқамінерлер оны шешуге қауқарсыз болып шықты.
«Досанов» шаруа қожалығын, ауданның басқа тұсына көшіру мүмкіндігі жоқ. Босаған жер телімдері туралы конкурсты күтуге тура келеді», - деді БҚО Теректі ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Гүлбаршын РАИШОВА.
Амалы таусылған қожалық иесі жергілікті әкімдікті сотқа бермекші. Прокуратураға да шағымданды. Ол оқтың астында мал бағудың қаншалықты қауіпсіз екенін тексеріп беруді сұрап отыр.