Ажырасу көрсеткіші 17 өңірдің тек екеуінде ғана азайған
Қазақстанда 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы көрсеткіш бойынша некелескен жандардың саны 104 мың адамға жетіп, 2% артқан. Алайда, некелескендердің барлығы үй болып, шаңырағы берік отбасыға айналған жоқ. Елімізде ажырасу саны да өте көп, осы жылы ажырасу көрсеткіші 9,2%-ға артып, 45,2 мың адамға жеткен. Бұл туралы ranking.kz хабарлайды.
Ең қызығы, некелескендердің саны қалалық жерлерде 3,1% артып, 73,2 мың адамға жеткен, ал ауылдық жерлерде 0,5% кеміп, 30,8 мың адамды құраған. Ал, қалалардағы ажырасқандардың саны 6,7%-ға өссе (33,1 мың адам), ауылдық жерлерде 17%-ға артқан (12,1 мың адам).
Ажырасу саны қай өңірлерде көп дегенге келсек, бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр (5,5 мың), Алматы облысы екінші орында (5,1 мың), үшінші орында Қарағанды (4,1 мың). Ажырасу көрсеткіші 17 өңірдің тек екеуінде ғана азайған.
Елімізде 1000 адамға шаққандағы ажырасу көрсеткіші 8 жыл қатарынан өсіп отыр. Дәл осы өлшем бойынша ажырасу көрсеткіші қалалық жерлерде 3,4% -ға өссе, ауылдық жерлерде 17,5%-ға жеткен.