Елордаға шет елдерден ұшып келген 150 жолаушы оқшауланды

Автор: Azattyq Rýhy

6 қазанға қараған түні Нұр-Сұлтан әуежайына шетелден 483 адам ұшып келді

Фотолардың авторы: Нұрдәулет Әбікеев

Бүгінде халықаралық рейстермен келген 150 жолаушы Ramada Plaza Astana қонақүйінде карантин стационарына оқшаулауға алынды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

5-інен 6 қазанға қараған түні елордаға шетелден 4 рейс келді. Екі ұшақ БАӘ-ден, қалғаны – Түркиядан. Қалаға барлығы 483 адам шетелден ұшып келді, оның 333-і COVID-19 тестінен өткені туралы куәлікпен келді. Қалған 170 адам анықтамасыз әуежайдан ауруханаға жеткізілді. Онда адамдар ПТР арқылы зертханалық зерттеулерден өтті. Олардың денсаулық жағдайы қанағаттанарлық.

«Мұндай шаралар бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Көктемде біз шетелден келетін жолаушыларды карантин стационарларына орналастырып, сараптама жүргіздік. Сондықтан, бұл бағытта елорданың денсаулық сақтау саласы толық дайын. Жалпы, халықаралық рейстер жолаушыларына 800 төсек-орын ұйымдастыруға дайынбыз», – дейді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылғы 5 қазандағы жарлығына сәйкес, дене температурасы жоғары адамдар, анықтаманың болуына қарамастан, инфекциялық стационарда оқшаулауға жатады.

COVID-19 зертханалық зерттеулерінің нәтижелерін алғаннан кейін оң нәтижесі бар адамдар жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылады, теріс нәтижесі барларға COVID-19 белгілері туралы түсіндірме жүргізіліп, үйге жіберіледі.