Мемлекет басшысы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын
Бүгін әлем жануарларды қорғау күнін атап өтуде. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Тwitter-парақшасында жазды.
«Бүгін бүкіл әлемде жануарларды қорғау күні аталып өтілуде. Бұл күні табиғатты қорғаушылар жануарларлардың адам алдында қаншалықты қорғансыз екенін еске салады. Өкінішке қарай, жануарларға жасалатын қатыгездік, браконьерлік оқиғаларына жиі куә боламыз...», - деп жазды Мағзұм Мырзағалиев.
Министр сондай-ақ, еліміздегі жан-жануарларға қатысты жағдайды өзгерту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырғанын да атап өтті.
«Әрине, заң жануарларға деген көзқарасты бір сәтте өзгерте салмайды. Бәрінен бұрын адамдарға жануарлар әлеміне деген махаббат, ізгілік сезімдерін ұялатып, қоршаған ортаны саналы түрде қабылдауға үйрету керек», - деді М. Мырзағалиев.