2018 жылы 23 мың адам токсикологтардың көмегіне жүгініпті
Қазақстанда дәрі ішіп, суицид жасайтындардың қатары артқан. Олардың арасында жас қыздардың саны көп деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жалпы, өткен жылы 23 мыңнан астам адам уланып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген екен. Олардың 1 мыңға жуығы қайтыс болған. Көз жұмғандардың өлімі:
Алматыдағы Токсикология орталығы дәрігерлерінің айтуынша, медициналық препараттарды көбіне суицид жасағысы келгендер қолданады. Олардың дені – алматылықтар.
Токсикология орталығы басшыларының айтуынша, қалада заманауи химиялық-токсикологиялық жабдықтар жоқ. Соның салдарынан зертханалық диагностика дұрыс жүргізілмейді.
«Қазір бізде ақпарат жинап, оны талдайтын және мониторинг жүргізетін бірыңғай орталық жоқ. Экзогенді улану, уытты заттар туралы тұрғындар мен медицина қызметкерлерінің білімі төмен. Клиникалық токсикология бойынша ғылыми жұмыс жүргізілмейді. Оның үстіне, науқастардың стационарға жеткізілмеу деректері, көмек келгенге дейін үйде қайтыс болғандар мен қылмыстық жағдайда уланғандар есепке алынбайды», – дейді Алматы қалалық жедел жәрдем ауруханасы Токсикология орталығының басшысы Гүлмира Тойбаева.
Аталған орталық 35 орынға шақталған. Алайда, оның өзіне науқастар сыймай жатады. Мереке мен демалыс күндері уланғандардың көптігі сонша, дәлізге жатуға мәжбүр болады дейді дәрігерлер.
Алматы токсикологтарының көмегіне жүгінген жандардың бірі – Динара Бұқарбаева. Ол йод ішіп, өзіне қол салмақ болған. Себеп – азаматтық некедегі күйеуі оның маңдай термен тапқан ақшасының бәрін алып қойыпты. Екеуі 2,5 ай бұрын Тараздан Алматыға кеп, құрылыста жұмыс істеген екен. Соңында жігіт оны дымсыз қалдырып, жалғыз өзін тастап кеткен. Ауылға қайтуға арланған Динара проблеманы суицидпен шешпек болыпты.
«Бір апта бұрын ес-түссіз осында жеткізілдім. Дәрі ішіп уланғам. Дәрігерлер аман алып қалды, оларға рахмет айтамын. Жігітім тапқан ақшамның бәрін алып қойды. Қолыңнан түк келмейді, білгеніңді істе деп, кетіп қалды. Ашуландым. Көзіме бірінші йод түсті, алып іше салдым. Егер ақшамды қайтаруға көмектеспесе мен тағы да дәрі ішем, өлем», - дейді Динара Бұқарбаева.
Алматыдағы Токсикологиялық орталықта бір жылда 12 мыңға дейін адам ем алып шығады. Дәрі ішіп, өмірімен қош айтысатындардың дені жас қыздар дейді мұндағы дәрігерлер. Оларға есін жиғаннан кейін психологтар ақыл-кеңес береді. Алайда, проблемасын шеше алмағандары қайта суицид жасайды екен.
«Токсикология бөліміне негізінен суицид жасайтындар мен алкогольге уланғандар түседі. Бір адам бірнеше рет түсетін кездер де жиі болады. Өйткені, жастар проблемасын шеше алмай, суицидті қайталайды. Өкінішке қарай, өзіне қол салатын қыздар көбейген. Олардың кейбірі 100 таблеткаға дейін ішіп қояды. Қандай жағдайда да уланғандарды аман қалуға тырысамыз», - дейді токсикология бөлімінің дәрігері Ұлан Бегимов.
Ал, Наталья Метлина есімді әйел жансақтау бөлімінде бірнеше күн жатып, аман қалған. Ол жолдастарымен алкогольді ішімдік ішіп уланыпты. Енді «ұрттап алмаспын» деп өзіне сөз беріп отыр. Сәл болмағанда артындағы екі баласы жетім қала жаздаған.
«Ішімдік іштік. Тойлаймыз деп міне, жансақтау бөлімінде жатырмын. Дәрігерлер өмірімді сақтап қалды. Алғысым шексіз. Бұдан соң сыра да ішпеспін. Өмір қымбат екенін түсіндім», - дейді есін әзер жиған Метлина.
Бүгінде елімізде бес токсикология бөлімі жұмыс істейді, олардың ең үлкені Алматыда. 2020 жылдың басында қалада «Токсикологиялық қызметтердің республикалық үйлестіру орталығы» ашылады. Ақпараттық-консультациялық Call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Орталыққа еліміздің барлық өңірінен хабарласып, уланған жағдайда қалай әрекет етіп, қандай ем қабылдау қажеттігі туралы кеңес алуға болады. Мұндай орталықтың ашылуы дәрігерді негізсіз шақыру санын қысқартады. Тиісінше, жедел жәрдем станцияларының жүктемесі азайып, дәрігерлердің уақыты үнемделеді.
«Жедел-жәрдем көлігін бір рет шақырғаны үшін мемлекеттің кемінде 5 мың теңгесі жұмсалады. Ал, бір жылда тек улану бойынша Алматыда 12 мыңға дейін шақыру түседі. Бірақ, соңында олардың 70 % бармауға болатыны белілі болады. Сондықтан, жедел-жәрдем жібермей-ақ немесе дәрігерлер жеткенше Call-орталықтан кеңес алауға болады. Бұл мемлекет үшін экономикалық жағынан да тиімді. Орталық ашылған соң Қазақстандағы токсикологиялық жағдайды есепке алуға, талдауға және мониторинг жүргізуге болады. Сәйкесінше, медициналық көмек көрсетудің сапасы артады. Республикалық токсикологиялық орталық жанынан зертхана ұйымдастыру да көзделіп отыр. Әрі токсиколог дәрігерлерді үздіксіз оқыту жүйесін ұйымдастырамыз», - деді дәрігер Гүлмира Тойбаева.
Биыл 9 айда Алматыда 42 адам уланып қайтыс болған. Батыс Қазақстан облысында да бұл көрсеткіш аз емес. Өңірде заманауи техникадан бөлек, мамандар да жетіспейді. Кадр тапшылығы мұнда 60 пайызға дейін жеткен.
Алматыға АҚШ-тан келген ғалым, Эмори университетінің доценті, Грейди госпиталінің директоры Зиад Каззит Алматыдағы Call-орталықты құру жұмыстарына арнайы келіп, ақыл-кеңесін беріп отыр. Оның сөзінше, АҚШ-та 55 токсикологиялық орталық бар.
«Қазақстанда Call-орталықты ашып қана қоймай, америкалық модельді енгізу жағы да жоспарда бар. Электроникалық технологияны әкелу, кеңес беру, ақпараттарды электрондау, таксикологиялық кеңес беруді жетілдіру сынды көптеген жұмыстар бар. Америкалық модельмен араб мемлекеттері де жұмыс істейді», - Таяу шығыс және Солтүстік Африка MENATOX клиникалық токсикология қауымдастығының Президенті Зиад Каззи.
Оның айтуынша, АҚШ-та жылына шамамен 1,2 млн адам уланады екен. Ал, дәрі ішу арқылы суицид жасайтындардың 40-50 пайызы қайтыс болады екен.
Посткеңестік елдер арасында улану статистикасы жағынан Эстония көш бастап тұр. Мұндағы халықтың дені алкогольден зардап шегеді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы