Карантин шараларын күшейтуге мәжбүр боламыз – Нұр-Сұлтан қаласының бас санитары
Елорданың Бас санитар дәрігері халықты карантин шараларын сақтауға шақырды
Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пралиева қала тұрғындары карантин ережелерін бұзуды жалғастыратын болса, қатаң карантин режимін қайта енгізуге мәжбүр болатынын мәлім етті.
«Біз халықты бірнеше рет маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу туралы қарапайым талаптарды орындауға шақырдық. Бірақ бәріміз көріп отырғандай, бұл талаптар еленбейді және сақталмайды. Егер халық талаптарды дәл осылай елемейтін болса, жалпы қалада індет қайта өршуі мүмкін. Сонда біз белгілі бір қызмет түрлерін тоқтатып, қатаң шектеу және карантин шараларын қайта енгізуге мәжбүр боламыз. Осы ретте, қала тұрғындары мен қонақтарын шыдамдылыққа, санитарлық ережелерді сақтауға тағы да шақырамын», - деп атап өтті Жанна Қыдырбайқызы.
Одан бөлек, Бас санитар дәрігер КВИ бойынша әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды және алдағы ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиялық маусымды ескеру керек екенін, сондай-ақ тұмауға қарсы вакцинациялау, иммунитетті нығайту, жылы киіну, уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажет екенін айтты.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан