Ол соңғы 4 жыл ішінде алимент төлемеген
Петропавл қаласының 47 жастағы тұрғыны қызына 2 миллион теңгеден астам сома қарыз. Ол 2016 жылдан бастап алимент төлемей жүрген көрінеді. СҚО Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері борышкерлер мен алимент төлеуден жалтарып жүргендерді іздестіру бойынша акция өткізуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Үш күн ішінде көші-қон полицейлері іздеудегі 13 адамның тұрғылықты жерін анықтаған. Уәлиханов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Омбы қаласында жүрген 36 жастағы борышкерді анықтады. Кәмелетке толмаған ұлына қамқорлық жасау жайлы ұмытқан ер адам 2018 жылдан іздеуде болған. Бұл жайлы ақпарат сот орындаушыларына жіберілді, олар алдағы уақытта берешекті өндіріп алу үшін шара қабылдайтын болады.
«Іздеудегі тұлғаның басқа мемлекетте жүргені туралы ақпарат алғаннан кейін, оған мемлекетаралық іздеу жарияланады. Ол жерге бағыт-бағдар мен іздестіру тапсырмалары жолданады», - деді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы Еділ Қазиев.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО