Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Жоғарғы сот өкілі мәлім етті
Бүгін Үкімет отырысында тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері талқыланды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Премьер-министрге тұтынушылардың өтініштерін қабылдайтын бірыңғай ақпараттық жүйе құрылып жатқаны жайлы ақпарат берді.
«Бірыңғай ақпараттық жүйе үш сатыдан тұрады және тұтынушылардың өтініштерін жедел әрі сапалы түрде шешуді көздейді», - деп хабарлады министр Бақыт Сұлтанов.
Осы ақпараттық жүйе құру үшін тұтынушылардың құқығын қорғауға қатысты заңдарға өзгерістер енгізу әзірленген.
Сол өзгерістерді әзірлеуге қатысқан Жоғарғы сот өкілі елімізде ұжымдық өтініштерді дамыту керектігін, әрі ұжымдық өтініштер негізінде бір уақытта ондаған, тіпті жүздеген адамның құқығын қорғауға болады деген позициясын айтты.
«Жоғарғы сот соңғы заңнамалық өзгерістерді әзірлеуге қатысқан. Біз тұтынушы сотқа жүгінбей-ақ, моральдық шығынды өтеуге қол жеткізсе деген бастаманы қуана қолдаймыз және сот жүйесі тұтынушылардың дауын реттеудегі жаңа ережелермен жұмыс істеуге дайын», - деді бүгін Үкімет отырысына қатысқан Жоғарғы соттың сот қызметтерін қамтамасыз ету жөніндегі департамент директорының орынбасары Аслан Түкиев.
Түкиевтің айтуынша, осы жылдың сегіз айында соттарға тұтынушылардың құқығын қорғау туралы 677 шағым түскен. Олардың 385-і қаралды, шағым түсірушілер ұтқан 306 арыз бар.
«94 адам екінші тараппен бейбіт келісімге келді. Бұл - жақсы көрсеткіш. Дегенмен, кедергісіз де болмады. Сонымен қатар, Жоғарғы сот жүйелі қателіктерден зардап шеккен тұтынушылардың құқығын қорғайтын практиканы қолдайды. Яғни, заң аясында әлі жеткіліксіз дәрежеде реттелмесе де, ұжымдық талап практикасын жетілдіре береді. Ондай мысалдар бар. Мәселен, Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі комитеттің Bek Air компаниясына қарсы түсірген арызы бір мезетте бір мыңға жуық тұтынушының құқығын қорғады. Сондықтан, Үкімет пен уәкілетті органдардан тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық жүйеге ерекше назар бөлулерін сұраймын», - деді ол.
Ал Сауда министрі Бақыт Сұлтанов таныстырған бірыңғай ақпараттық жүйе ілкі жоба ретінде Нұр-Сұлтан қаласында сынақтан өтеді.
Еске сала кетейік, Bek Air компаниясынан жолаушыларға келген шығын көлемі 52 млн теңгеге жетті.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан